Тәжірибе алмасу – шеберлікті шыңдайды

Express Qazaqstan
kfb.kz

Бокстан ұлттық құрама мүшелері екіге бөлініп, биылғы жылдағы алғашқы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. "Экспресс К" сайтының оқырмандарына АҚШ пен Куба мемлекетінде дайындықтарын пысықтап жүрген боксшылардың жаңалықтарынан хабардар етеміз.

Қазақстанның тәуелсіз ел атанып, өз алдына дербес мемлекет болып салатанат құрғанына биыл 30 жыл толады. Отыз жылда әр салада жеткен жетістіктеріміз де, кем-кетігін бүтіндейтін кемшін тұстарымыз да жетерлік. Осы жылдар бедерінде елдігімізді танытқан саңлақтардың бірі – спортшылар. Отыз жылда Қазақстан жазғы Олимпиада ойындарынан алтын медальсіз қайтқан емес. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында Василий Жиров АҚШ-та өткен жазғы Олимпиада ойындарында 81 келіде топ жарып, үздік өнер көрсеткен боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогын қоса қанжығалаған болатын. Болат Жұмаділов 51 келіде күміс медаль, Болат Ниязымбетов 63 келіде және    Ермахан Ыбырайымов 71 келі салмақта қола жүлде еншілеген болатын. Ғасырлар тоғысында, 2000 жылы Австралия елі өткізген Олимпиада додасында Бекзат Саттарханов 57 келі салмақта, Ермахан Ыбрайымов 71 келіде жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атағын олжалады. Аса ауыр салмақта Мұхтархан Ділдәбеков пен 51 келіде Болат Жұмаділов күміс медаль еншіледі.

2004 жылы Грекияның Астанасында өткен жазғы Олимпиада ойындарында Бақтияр Артаев 69 келінің алтын медаліне қоса Вэл Баркер кубогын бөктеріп оралды. 75 келіде Геннадий Головкин күміс, 60 келі самақта Серік Елеуов қола жүлдегер атанды.

2008 жылы Бейжің жазғы Олимпиадасында Бақыт Сәрсекбаев 69 келіде алтын, Еркебұлан Шынәлиев 81 келі сламақта қола жүлдегер атанды.

2012 жылы өткен Лондон жазғы Олимпиадасында Серік Сәпиев 69 келіде Олимпиада чемпионы атанып қана қоймай, қазақстандық боксшылардың ішінен үшінші болып Вэл Баркер кубогын иеленді. 81 келі салмақта Әділбек Ниязымбетов күміс, аса ауыр салмақ дәрежесінде Иван Дычко қола медаль олжалады.

2016 жылы Рио-де-Жанейро жазғы Олимпиадасында да боксшыларымыз көк байрағымызды көкке көтерді. 69 келіде Данияр Елеусінов Олимпиада чемпионы атанды, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов пен 91 келіде Василий Левит күміс, 91 келіден ауыр салмақта Иван Дычко қола жүлдегер атанды. Бағамдасақ, отыз жылдың ішінде қатысқан жазғы Олимпиада ойындарында тек боксшыларымыз ғана латын медаль олжалау үрдісін үзбей жалғап келеді. Лайым солай болғай.

Алда – Токио Олимпиадасы. Әлемді шарпыған пандемияның шырмауынан шыға алмағандықтан былтыр өтуі тиіс дода бір жылға шегерілген болатын. Төрт жылда бір айналып соғатын додада еліміздің әнұранын шырқатып, байрағымызды көтеретін нарларымыздың бірегейі осы боксшылар. Басты бәйгеге дайындық барысы қалай, боксшылардың аяқ алысын бағамдаған едік.

Бас бапкер Ғалым Кенжебав бастап, Мырзағали Айтжанов, Нұрлан Ақүрпеков, Асқар Еркебаев қоштаған бапкерлер Куба еліне 16 боксшыны ертіп келген болатын.

Бұл елге жеткенше 48 сағат ұшып келген боксшылар мен бапкерлер қонақүйге орналасып тыныққан соң жоспар бойынша жаттығуларын бастап кеткен еді.

" Жалпы бұл елдің бокстан ұлттық құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарлы нәрсе болатын. Бізге де бұлар қонаққа келіп, Алатау бөктерінде бірлеске жаттығу жиындарын өткізгенбіз. Былтырғы жылдың сңында Шымкентте бокстан Қазақстан біріншілігі өткенін білесіздер. Жастар арасында жарқырап көрінген таланттар ересектер қатарына өтіп, ұлттық құрама сапына қабылданды. Қазақ боксының кейбір салмақ дәржелерінде буын алмасу процесі өтті. Құрама сапына талантты жастар қосылды. Бізге жүктелген басты міндет – Токио Олимпиадасынан алтын медаль олжалау. Алтынды күткен ел күміс пен қоланы да боксшыларымыз олжалайды деп үміт артатыны белгілі. Сондықтан да жаттығуға жігіттер барын салып жатыр" дейді бас бапкер Ғалым Кенжебаев.

Куба еліндегі оқу-жаттығу жиынына 52 келіде былтыр ел чемпионы атанған Махмұд Сабырхан, Қазақстан біріншілігінің финалисі Сәкен Бибосынов және Ораз Асылқұлов бар. 57 келіде ел біріншілігінде топ жарғандар   Серік Теміржанов, 60 келіде Саматәлі Төлтаев, 63 келіде Ертуған Зейнуллиев, пен Санатәлі Төлтаев, 69 келіде Абылайхан Жүсіпов пен Қуан Қуатов, 75 келі салмақта Әбілхан Аманқұл. Райс Нұрқанат, Ермахан Жақыпбеков кубада жаттығып жүр. 81 келідегі Нұрбек Оралбай, 91 келі салмақтағы Айбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай бар, аса ауыр салмақтағы талантты боксшылардың бірі Нұрлан Сапарбай да осы сапта.

Ұлттық құрама мүшелерінің екінші тобы АҚШ-тың Майами қаласында оқу-жаттығу жиындарында жүр. Қызған кұмның үстінде жаттығу жасап жүрген жігіттердің қасында бапкер Марат Жәкиев бар.

Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары салмақта), Василий Левит (91 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Закир Сафиуллин (64 келі), Айболды Төлегенұлы (аса ауыр салмақ) қаңтар айының басында АҚШ-қа үшыпк елген болатын. Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар да осы айдың соңына дейін оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.

Жалпы өзге елдің спортшыларымен тізе қосып жаттығу жүргізу, дайындықты пысықтау бұрыннан бар үрдіс.

Қайбір жылы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметін 1996-2000 жылдары атқарған әйгілі бапкер Тұрсынғали Еділовтен сұхбат алғанбыз. Тұрсынғали Еділов бокстан Алматы облысы командасының аға бапкері болып еңбек етеді ол кезде. Облыстың жас боксшыларын Алматыдағы "Медеу" мұз айдыны кешенінде баптап жүр екен. Әйгілі бапкерден Куба боксшыларын қазақстанға шақырып, тәжірибе алмасудың қалай жүзеге асқанын сұрағанбыз. Еділов бүй деп еді.

Жалпы бокста әлемде Кубаның мектебі өте мықты. Олимпиада ойындарының үш дүркін чемпионы деген атаққа қол жеткізген әлемде үш боксшы ғана бар; венгр Ласло Папп, кубалықтар Феликс Савон мен Теофило Стивенсон. Савон мен Стивенсондай саңлақтарды тудырған топырақта таланттар шоғыры қалың болатыны белгілі.

Мен Куба құрамасын Алматы қаласына шақырып, бірлескен жаттығу жиынын өткізу идеясы мынадан туды. Оған дейін әлем чемпионаты, жазғы Олимпиада ойындары секілді додаларда біздің боксшылар кубалықтардан аса алмай, тауаны шағылатын. Даңқ, бедел дегеннің де маңызы зор ғой. Атағынан ат үркетін Куба боксшыларына қарсы шығарда қаймығып, сескеніп тұратын. Қорқынышты қалай жеңеміз? Савондардың да ет пен сүйектен жаралған пенде екенін көрсін деп куба құрамасын Қазақстанға қонаққа шақырдық. Қазір айтқанға жеңіл болғанымен, іске асыру қиынға соққан еді. Алматыдағы Куба елшілігіне барып, елшінің қыбын тауып, келісімін алу жеңіл соққан жоқ. Құраманың боксшыларымен бірге бапкерлері, дәрігерлері басқа да мамандары қоса келетіндіктен олардың жол шығыны, жатын орны, ас-ауқатына да аз қаражат жұмсалмайтыны белгілі. Басшыларға жұмсалар қаражаттың өтеуі болатынын айтып сендіріп, келісімге келдік. Кубалықтар Алатау баурайында бірнеше күн қонақ болып, біздің жігіттермен тәжірибе алмасты, спаррингтік жекпе-жектер өткізіп, әбден шыңдалды. Бұл 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының алдында болған еді. Нәтижесі де біз күткеннен асып түсті. Сиднейде өздеріңіз білесіздер Қазақстанның ұлттық құрамасы жеті боксшы апарды, Барлығы да үш айналымнан сүрінген жоқ, Төрт боксшымыз финалға шығып, 2 алтын, 2 күміс медаль олжаладық. Одан төрт жыл бұрын 1996 жылы Атланта Олимпиадасында біздің боксшылардың алдын көбіне осы кубалықтар орап кеткен болатын. Қателіктен сабақ алып, жеңілістен нәтиже шығару үшін жасаған қадамымыз сәтті болды.

АҚШ пен Кубада оқу-жаттығу жиынын өткізіп келген соң боксшыларымыз үшін биылғы жылы үлкен дода күтіп тұр – Токио Олимпиадасы. Оның алдында Сербияда сәуір айында өтетін әлем чемпионаты додасы бар.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров