Сегіз бұрыштағы жекпе-жегінен әлеуметтік желіде желігі көп Қуат Хамитовтың басы тағы да дауға қалды

Express Qazaqstan
instagram.com/kuat__khamitov

АЯҚТАЛМАҒАН «ЖЕКПЕ-ЖЕК»

Нақтырақ айтсақ, ескі шудың құйыны қайта айналып соқты.

Былтыр қыркүйекте «дезинфекторлар халықты улайды, тікұшақтарды атыңдар» деген Қуаттың интернеттегі «айтағының» ақыры оның қамалуына ұласып еді.

Спорттағы серіктері мен жанкүйерлері Алматының Полиция департаменті алдына жиналып жатқанынан сескенгесін бе оны сақшылардың өзі сол күні орналасқан қонақ үйіне ың-шыңсыз жеткізді. Қуат «біреуді арандату ойымда болмады» деп ағынан жарылып, әңгіме жылы жабылып, мәселенің тігісі жатқандай болды. Әлде, көпшілікке солай көрінді.

Сөйтсек, қызықтың көкесі алда екен. Араға төрт ай салып, Алмалы аудандық соты Хамитовты сол кезде айтқан сөзі үшін жауапқа тарту үшін шақырып, алғашқы отырысын өткізді.

Қалалық соттың мәліметінше, құқықбұзушылық анау-мынау емес, Қылмыстық кодекстің 272 бабы, 3-бөлігі бойынша май шаммен қаралып жатыр.
Яғни, жұртты жаппай тәртіпсіздікке шақыру бабының аясында. «Айтылған сөз, атылған оқ». «Аңдамадым», «арам ойым болмады» деп ақталғанмен жекпе-жек шеберінің бұл жолғы қарсыласы-Қылмыстық кодексті жығуы оңайға соқпайын деп тұр.

Айыбын толық ақтай алмаса,кемі үш жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе тура сондай уақытқа бас бостандығынан айырылады.
Әзірге, спортшының өзі бұл жайға қатысыты ләм-мим деп артық тіс жармады. Ол да біз бен сіз секілді әліптің артын бағып жатқандай

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров