"Аязды" "ұйықтатты"

Express Qazaqstan

ru.ufc.com

Қазақстандық жекпе-жек шебері Сергей Морозовтың UFC додасындағы дебюттік сайысы сәтсіз өтті.

Ресейлік Умар Нурмагомедовке қарсы жекпе-жекке шыққан "Аяз" (Сергей Морозовтың лақап аты — Мороз) екінші раундта жеңіліс тапты.

Біріккен Араб Әмірлігінің Абу Даби қаласындағы аралда өткен UFC Fight Island 8 айқасында Сергей Морозовты өзінен жеті жас кіші Умар Нурмагомедов қылғындыру әдісімен жеңді.

61,2 кг салмақ дәрежесінде жекпе-жекке түскен Сергей Морозовтың бұл кәсіпқой жекпе жектеріндегі бесінші жеңілісі. Умар Нурмагомедов рекордын жақсартып, 13-інші айқасында һәм UFC додасындағы тізгінқағар алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.

"Біздің спортшылар мұндай бәсі жоғары сайысқа енді-енді араласа бастады. Тәжірибенің аздығы, дайындықтың кемшін соққаны көзге ұрып тұрды" дейді ММА мамандары.

Еншісінде М-1 Challenge чемпионы белбеуі бар Сергей Морозов UFC -дегі алғашқы адымы сәтсіз болғанына өкінетінін, жеңістің биігіне шығар күндер алда екеніне сенім білдірді.

Умар — UFC аренасында жасын ойнатып, чемпиондық белбеуін бірнеше мәрте қорғаған Хабиб Нурмагомедовтың бауыры, ағайынды кісілерден тарайды.

Бұл жекпе-жек былтырғы жылдың еншісіне жазылуы керек еді. Умар тұмауратып қалғандықтан кейінге шегерілген болатын. Одан кейін 24 қаңтар күні ирландиялық Конор Макгрегор мен америкалық Дастин Порье арасындағы жекпе-жектің андеркартында өтуі керек еді.

Хабиб Нурмагомедов Дана Уайтқа (UFC-дің қожасы) уайымын айтып, інісі мен Морозов арасындағы сайысты 20 қаңтардағы айқастың арасында қостырды. Басты себеп 2018 жылдың күзіндегі оқиға қайталанып кетуі мүмкін депті. Сол жылдың қазан айында АҚШ-та өткен тартыста Хабиб Нурмагомедов Конор Макгрегорды жеңген соң да октагонның сыртында ойран салып, соңы үлкен даумен аяқталған болатын.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров