Қазақ футболының көсегесін көгерту қолымыздан келе ме?

Express Qazaqstan
fft.tj

"Бұлай ұтылғанымыз бүгін ғана ма?" дейді ғой біздің көксоққандар тәжік құрдастарынан қирай жеңілгендерін жуып-шайғансып. Рас, футболдан біздің жасөспірімдер, жастар құрамалары халықаралық турнирлер, Еуропа, әлем чемпионаттарына іріктеу аясындағы матчтарда мысы майып болып күйрей жеңілуді қалыпты үрдіс санап алған. Олар үшін ұлттық намыс, елдік мүдде мүрдем қапсын. Әйтпесе осы күнге дейін "ойсырай ұтылдық, кешіріңіздер бізді" деп, ұяты кірпік қаққан бір ойыншыны да, оларға ие болып бапкер атанып жүрген жаттықтырушыны да көрмедік.

Дау, шар неден басталып еді өзі? "Экспресс К" оқырмандарына тарқата айтайық.

Жыл сайын Беларусь мемлекетінің футбол федерациясы "Даму кубогы" деген халықаралық турнирді ұйымдастырады. 17 жасқа дейінгі футболшылар қатысатын турнирге 12 елдің қрамасы баратын. Осы турнирді ең көп жеңген – Ресейдің жасөспірімдер құрамасы. Олар "Даму кубогын" бес мәрте ұтты.

Әлемдік пандемияға байланысты биыл бұл сайысқа бізден өзге Молдова, Тәжікстан, Беларусь жастары ғана қатысты.

Қоғамда абың-күбің әңгіме болған, әлеуметтік желінің түңлігін желпіп-желпіп жіберген жайт Тәжікстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы қазақстандық құрдастарын 7:1 есебімен ұтуы.

Ойын барысының қалай өткені 17 минутта қорғаушымыз Сергей Ивановтың оспадар қылығының кесірінен алаңнан қуылуы, матчтың өнебойында басымдықтың тізгінін тәжіктер ұстағанынан-ақ белгілі.

17 жасқа дейінгі ұлттық құраманың сапына шақырту алғандардың ішінде 15 ойыншы "Қайрат" футбол академиясының түлегі. Осылардың ішінен 10 ойыншы алаңға шықты, он бірінші футболшы ғана "Оңтүстік" футбол академиясында доп тебуді үйренген. Жасөспірімдердің құрама командасының бас бапкері лауазымына Кирилл Морунов тағайындалған еді жуырда. Ол бұған дейін "Қайрат" командасының 17 жасқа дейінгі жастарына бапкер болды. Сонда біздің елімізде "Қайрат" футбол академиясынан өзге футболшыларды дайындайтын клубтар қайда, спорттық орталықтарда дарынды балалар жоқ па? Жарайды, Морунов бас бапкерлік қызметке жаңа тағайындалды екен, құрамаға кімдерді шақыруға болатынын бағамдауға уақыт тапшы екен, неге аймақтардағы бапкерлерден кеңес сұрап, талантты футболшы балаларына сұрау салмайды? Неге деп сұрайтын мәселе көп, жауап беретін жан таппайсың бірақ.

Енді Тәжікстанның 17 жасқа дейінгі құрамасына бапкер ойыншыларды қай клубтан шақыртқанына тоқталайық.

Тәжікстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының бапкері Ахлиддин Турдиев Минскіге әкелген екі қақпашының бірі ФФТ футбол академиясынан, екінші "Худжанд" командасының ойыншысы.

Қорғаушы міндетін атқаруға келгендердің, жартылай қорғаушы, шабуыл шебінде ойнағандардың ішінде ФФТ футбол академиясының түлектері мен "Равшан" командасының саңлақтары бар.

Тәжікстан жасөспірімдер құрамасы бізді 7:1 есебімен ұтып кетті деп қара аспанды төндіріп, Самарқанды су алдырған сорақылығымыз туралы Тәжікстан құрамасының ойыншысы Нуриддин Давронов осы гу-гуге қатысты былай деп ойын тарқатыпты: 

"Қазақстан жасөспірімдер құрамасы біздің жеткіншектерден 1:7 есебімен ойсырай ұтылғанын трагедия санапты. Қазақстан ұлттық құрамасы да Тәжікстан ұлттық құрамасынан жеңілген кезінде. Сондықтан бұған күйінудің қажеті жоқ. Рас, біздің футболдың әлеуметтік, материалдық жағдайын Қазақстанмен салыстыруға әсте келмейді, олармен шендесе де алмаймыз. Сіздерде футболды дамытуға миллиондар бөлінеді. Ал біз экономикалық, әлеуметтік көрсеткіш бойынша тұрмысыз төмен елміз. Бірақ біз ұлттық рухты, мемлекеттік мүддені ерекше қорғаймыз, соның жолында өлуге бармыз. Мұның барлығы да нәтижелі жұмыстың жетістігі. Жығылып жатып сүрінгенге күлмей, жастарға дұрыс тәлім-тәрбие бергенде ғана бәрі жақсы болады". Рас сөз, ашы шындық.

Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен біздің жеткіншектерге Бразилияның футбол академиясында білім алып, тәжірибесін жетілдіріп, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік туған еді. Жылына миллиндаған қаражатты Бразилияның бөктергісіне бөктеріп беріп, бірнеше жасты оқытты. Алғашқы лекте сөз жоқ, іріктеуден өткен, сұрыптауда ысылған балалар барып білім алды. Пелені туған топырақта, Неймарды өсірген ортада футболдың сарабдал саф өнерін үйренді. Одан кейінгі екінші, үшінші барған буынның арасында бай мен бағланның, басшының аққаптал, еркетотайлары да тізімделіп кетті. Осыдан кейін біздің футболдың көсегесі қалай көгереді? Шын таланттар мен табиғи дарындардың жолын қолы ұзын, қуаты басымдар кес-кестеп кеткеннің кесірі әлі алдымыздан шығады.

Одан бұрын Бразилияның "Оле Бразил" футбол академиясында оқығандардан "Бәйтерек" деген команда да құрылған. Бірақ бірінші лигада ойнаған Бразилия футбол академисянының түлектері мандытқан жоқ, керісінше тоқырау болды. Одан кейінгі толқындар "Ботофаго" футбол академиясында білім алды. Бразилияға бала жіберіп оқыту да қазақ футболына қозғау салған жоқ. Тек есіл ақша құмға сіңген судай болды.

Әңгіме "Даму кубогына" қатысып жатқан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының тәжікстандық тарландардан тас-талқан жеңілгенінен туындады ғой. Тәжікстан жастарынан жеңілгені қамшылау болды ма, біздің жігіттер Беларусь елінің 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасын 4:2 есебімен ұтты. Молдова жасөспірімдерінен 5:0 есебімен басым түсіп, "Даму кубогында" 2-орын алды.

Тәжікстанның жасөспірімдер құрамасы біздің балаларды ойсырата ұтқан соң Молдова жасөспірімдер құрамасын да 5:1 есебімен есеңгіретіп, кубокты алып кетіп, Душанбеде дүбірлетіп той жасады. Турнирге қатысушы төрт команданың ішінде 2-орын алғанымыз көңілге медет. Бұл сайысқа бұған дейін де қатысып, 2018 жылы 12 команданың ішінде 12-орынды қанағат еткенбіз.

Бір анық нәрсе тәжік жастарынан 7:1 есебімен ұтылғанымыз біздің дәреже-деңгейіміздің қай белесте екенін әйгілеп берді.

2016 жылы Қазақстан футбол федерациясының президенті қызметін атқарған Ерлан Қожағапанов балалар футболын дамытудың 10 жылдық бағдарламасын таныстырған еді. 2016-2026 жылдар аралығында қазақ футболын, оның ішінде ала доптың балалар мен жасөспірімдер арасында дамыту, жетілдіру, бапкерлердің өре деңгейін өсіру, инфрақұрылымды жақсарту жайы айтылған. Одан бері де бес жылға жуықтады, балапанды күзде санайтын елміз ғой, сол бағдарламаның да ел футболының көсегесін көгертуде керемет болғанын көргеміз жоқ. Сеңді қозғауға түрткі болған шығар. Қазақстан футбол федерациясының сол кездегі президенті болған Қожағапановтың баяндамасында айтылған сандарға қарасақ еліміздегі 203 спорт мектебінде футбол бөлімі жұмыс істеп тұр.   1000-нан астам бапкер 36 мың балаға доп тебуді үйретеді екен. Бұдан тыс 16 футбол орталығы ашылып, бұл жерде 5000-нан астам бала тәлім алады. Одан бері де бірқанша уақыт өтті. Бұл көрсеткіш өсуі де, кемуі де бек мүмкін.

Бұқаралық спортты, оның ішінде де футболды өрістетуге арналған мемлекеттік бағдарлама тағы бар. Мемлекет тарапынан осындай қолдау, демеудің арқасында аулаларда қаншама (негізінен ірі қалаларда ғана, әзірге бұл игі іс шалғайдағы аудандардың кейбіріне, алыстағы ауылға жете қойған жоқ – Қ.Р.) футбол алаңдары салынды. Жергілікті балаларға арналып, салынған футбол алаңдарының қадіріне жетіп жатқанымыз да шамалы. Мысалды алыстан іздемей, күнде көзімізбен көріп жүрген жайттан да айта аламыз. Алматы қаласының "Зерделі" ықшам ауданына бес жылдың бедерінде кәдімгі стандартқа сай, талапқа толық жауап беретін, жасанды жабынды төселген, көрермендерге арналған орындықтары да орнатылған үлкен стадион бой көтерді. Құны бірнеше миллион теңге болады. Балалар мен жасөспірімдер ғана емес, ересектер де ертелі-кеш осы үлкен стадионның ішін думанға толтыратын. Біртіндеп орындықтары кетілді, одан кейін жасанды көгалды кеміру басталды. Қазір орындықтар жау қылышы қиып түскен сарбаздардың бастарындай сынып біткен, жабынды да жұлым-жұлым. Одан кейін көпқабаттың үйлердің арасындағы ашық алаңқайларға да шағын стадионның бірнешеуін салды. Олардың да басындағы осы кеп. Қоршауын қиратып, жасанды көгалды көкпар тартқандай етіп дар-дар айырып тастады. Барды ұқсата айлмайтынымыз, қадіріне жетпейтінімізге бұдан асқан дәлелдің қажеті жоқ шығар.

Әйгілі бапкер Дмитрий Огай тәжік жасөспірімдерінің біздің жастарды ойсырата ұтқан матчқа қатысты пікірін айтып, 

"Футболды дамыту жолында тек кәсіби мамандар ғана жұмыс істеуі керек. Көлденең көк аттыны қосудың қажеті жоқ. Түбегейлі үзгеріс жасамай өрге басу болмайды" деді.

Дақты футболшы, сұңғыла бапкердің айтқанына алып-қосарымыз жоқ, қос қолдап қуаттаймыз. Жемсауы толмас жемқорлық, тамырына балта бойламас таныстық, пәрмені күшті парақорлықтан арашаламай ала допты алға бастыра алмайтынымыз айдан анық.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров