2 миллион 500 мың теңге жалақыны аз ба, көп пе?

Express Qazaqstan
footboom.kz

Жыл құсы ала келетін көктеммен бірге елімізде футболдан премьер-лига ойындары да басталады. Оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Түркияға табан тіреген кейбір клуб ойыншылары жолдастық матчтарын да өткізіп, шеберліктерін сынап та көрді. Ал кейбіреулері ақшаның айналасындағы дау-шардың шырмауынан шыға алмай, түйткілді мәселенің түйінін тарқата алмай жүр.

Талдықорғандық "Жетісу" футбол клубының ойыншыларына биылғы маусымда төленетін ең жоғары жалақы 2 500 мың теңгеден аспайтын болды. "Жалақысы тым аз" деген кейбір ойыншылар клубтың намысы үшін доп тебуден бас тартатынын мәлімдеді деп жазды "Гол емес" телеграмм-каналы.

Жалпы біздің елде футболшыларға қанша жалақы төленеді өзі?   Тепкен добы түзу ұшпағаны үшін де (еурокубоктық ойындарындағы іріктеу матчтарында мандытпағаны үшін) қанша қаражат төленетінін "Экспресс К" оқырмандарының есіне тағы бір салғанды жөн көрдік.

Ел біріншілігінде ойнайтын клубтардың ішінде қаржылық бюджеті қомақтысы – елордалық "Астана" футбол ұжымы. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры қаржыландырып, өмір сүретін елордалық клуб Қазақстан чемпионы есебінде еурокубоктық ойындарда ойқастамаса да күші жетер биікке дейін барып, барып қайтып жүр. Қайрат Боранбаев сынды кәсіпкер иелік ететін алматылық "Қайрат" футбол клубының да бюджеттік бүйірі бұлтиып тұрады. Содан да осы екі клубта ойнайтын жергілікті футболшылар екі үш жыл бұрын 5 мың АҚШ долларына дейін айлық жалақы алатын. Ал сырттан шақырған легионерлер бұл сомадан еселеп артық алмаса алаңға аттап баспайды.

Қайбір жылы Global Sports Salaries компаниясы әлем бойынша футбол клубтарының қаржылық әлеуетіне жүргізген зерттеуін жариялады. Қазақстан чемпионатындағы командалар әлемдегі алдыңғы 25 елдің клубтарына кіреді екен. Компания мамандарының дерегі бойынша тіпті қазақстандық футбол клубтары футболшыларға жалақыны тым жоғары төлеу жағынан Польша, Хорватия, Оңтүстік Корея елдерінің клубтарын шаң қаптырып кеткен еді.

"Қайратта" ойнаған жылдары ивуарлық Жерар Гоудың айына алатын ақысы

2 миллион еуро болатын. Оның сыртында түрлі сыйақылары тағы бар. Алексей Щеткин "Ақтөбе" үшін доп тепкен кезеңде жалақысы айына 9 миллион теңге болғаны да бірақ аңыс тудырған еді кезінде. "Ақтөбе" туралы тағы бір дерек. Бүгінде Жамбыл облысын тізгіндеп отырған Бердібек Сапарбаев Ақтөбе облысын басқарғанда осы клубтың сапындағы Сантана, Пиззели секілді легионерлердің ай сайын алатын жалақысы 80 мың еуроға дейін шарықтайтынын естігенде шалқасынан түсе жаздағанын айтып еді.

Талдықорғандық "Жетісу" футбол клубының ойыншылары ай сайынғы еңбекақыларына ең жоғары жалақы 2,5 миллион теңге болатынын қомсынып отыр. "Жетісу" 2011 жылы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанғанда, команданың намысына шапқан ойыншылар дәл бұлай кесірленген жоқ. Күміс жүлдегер атанып, Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде ойнау мүмкіндігін алды. Қатысты.   Польшаның "Лех" клубынан аса алмады. Содан кейін талдықорғандықтар жүлденің жалынан ұстай алмады ел біріншілігінде. Тоқырауды да өткерді, қаржылық кедергілер де кес-кестеді.

"Жетісу" футбол клубының мүшелері ел чемпионы атанып, УЕФА Чемпиондар лигасында жарқырап көрінсе, тіпті ол асуға шыға алмағанмен премьер-лигада бестікке еніп, Еуропа лигасында додаға түсіп, топты жарса, содан кейін ғана жалақымыз аз еді деп арзу-арманын айтса, жараспас па? Былтырғы ел чемпионатында талдықорғандықтар 6-орынды місе тұтты. Биылғы биігі қалай болары уақыттың еншісінде. Сіз бен біздің жалақымыздан кертілетін салықтың есебінен қаржыландырылатын мұндай клуб ойыншылары өздерінің жеткен межесі миллиондаған қаражатқа тати ма, татымай ма деген сауалға бас қатырмайтын секілді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров