Ниязымбетов – мектеп директоры

Express Qazaqstan
Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Әділбек Қазақ елінің абыройын асқақтатып, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатып жеңіспен оралғаны үшін "Дарын"  мемлекеттік жастар сыйлығын алды, "Құрмет", "Барыс" ордендерімен марапатталды. Енді қалған  атақ-марапатты шыңдаған шәкірттері шыңға шыққан кезде алуына тілеулеспіз. Іске сәт, қазақ боксының оғланы!  

Бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Лондон (2012) және Рио (2016) жазғы Олимпиада ойындарының  финалисі Әділбек Ниязымбетов мектеп директоры болып тағайындалды.

"Экспресс К" оқырмандарына даңқты боксшы жақсы таныс. Әділбекті танымал еткен 2007 жылы Алматы төрінде өткен Азия чемпионы болатын. 18 жастағы оғлан  жастар арасындағы құрлық додасында оза шауып дараланды. Бір жылдан кейін Тараз қаласында түңлігі түрілген Қазақстан чемпионатында өз салмағының алтын медалін жүлып алды. Жастардың ортасынан жарып шығып, ересектер дуына алғаш қосылғанына қарамастан өзінің алабөтен талантты екенін паш етті.  Тіпті Қазақстан чемпионатына қатысқан боксшылардың ішіндегі ең үздігі деген атақты да қанжығасына бөктеріп кетті. Осылай Ниязымбетов қазақ спортының жылнамасына өзінің даңғыл жолын салуға ұмтылған саңлақтың алдында "тар жол, тайғақ кешу" тұрды. 2009 жылы бокстан Азия чемпионатын Қытай елі өткізген. Ұлттық құрама сапына еркін өтіп, тұрақты мүшесі атанған Әділбек Жұңго еліндегі жекпе-жекте қырғызстандық боксшыдан екінші айналымда ұтылды. Шынтуайтына келгенде өзіміз айырқалпақты ағайын санап, бауыр тұтатын  қырғыз боксшысына төрешілер бұрып жіберді. Еңсесі түскен Әділбекті құраманың сол кездегі бас бапкері Дамир Буданбеков нөмірі бірінші боксшылар тізімінен сызып тастады. Оқу-жаттығу жиындарына да шақырмады. 2009 жылы Миланда өткен әлем чемпионатында құрамаға тек жалқы қола медаль (Серік Сәпиев 64 келі) тиген соң бас бапкер ауысты. Құрама тізгіні Мырзағали Айтжановқа тиді. Ниязымбетов құрама сапына шақырту алды.  2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатының алдында Әділбек сол жақ көзіне ота жасату үшін Орынборға жол тартты. Сырқатынан сақайған саңлақ Әзірбайжан төрінде үйіріп соғып дауыл  тұрғызды. Көпшілік 22-ге аяқ басқан боксшы әлем чемпионатының алтын медаліне аласады деп сенген жоқ. Әділбек өзін дәлелдеді. Финалда кубалық Хулио Сезар Ла Крузға есе жіберіп, күмісті місе тұтты.

2012 жылы Тұманды Альбионды алып жатқан Англиядағы  жазғы Олимпиада ойындарының финалында Ниязымбетов ресейлік Егор Мехонцевтен жеңілді. Бұл күмісі туралы өзі  тәжірибенің аздығы мен салмағының кемдігі кесірін тигізгенін айтты.

2013 жылы Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында өзбекке есе жіберіп, күміс медальмен оралды. 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатының финалында кубалық Ла Круз екінші рет жолын бөгеп, әлем чемпионы атағынан қақты. 2014 жылы Оңтүстік Корея елі ұйымдастырған жазғы Азия ойындарының алтын медалі Әділбектің еншісіне жазылды.

2015 жылы Катардағы әлем чемпионатының ширек финалында өзбек  Раусловтан өте алмай тағы да сенімге селкеу түсті. Рио Олимпиадасының лицензиялық жолдамасына 81 келіде кім қатысады деген сауалға бапкерлер біраз даурықты. Әли Ахмедовке қарсы спаррингтік жекпе-жекке де салды. Әділбек өзінің мықтылығын дәлелдеп, ел ішінен оза шауып, Қытайдағы жолдама үлестірер додадан олжалы оралды. 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалында тағы сол Ла Круз алдын орап кетті. 2018 жылы Ниязымбетов 29 жасында спорттағы мансабын аяқтады. Іле оның ізін басқан Бекзад Нұрдәулетов ағасының есесі кеткен Ла Курзды  шаршы алаңда шайқап жүріп жеңді.

Міне, спортта осындай биікке жеткен, әлем чемпионы атағы мен Олимпиада ойындарының алтын медалі ғана бұйырмаған Әділбекке енді өзінің  жетпеген биігінен асар шәкірттер тауып өсіру міндеті тұр. Қазақ боксының тарихында  жазғы Олимпиада ойындарының финалына қатарынан  екі рет шыққан боксшы әзірге екеу ғана: Болат Жұмаділов пен Әділбек Ниязымбетов.

Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты "Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі" КММ директоры деген лауазым оңай емес, үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров