Алматыда алғаш рет әлем чемпионаты өтті

Express Qazaqstan
©ЭК/Андрей ХАЛИН

Алматының "Шымбұлақ"   тау-шаңғы курортында фристайлдан әлем кубогының кезеңі мен әлем чемпионаты өтті. Оңтүстік астанамыз фристайлдан әлем чемпионатын алғаш рет қабылдап, жоғары деңгейде өткізіп берді.

Фристайлдың могул және шаңғы акробатикасынан әлемнің таңдаулы спортшылары Алатаудың ақ қары үстінде із тастап ойқастады. Әлемнің 19 елінен 140 спортшыь бақ сынап, медальдар жиынтығын бөліске салды. Дүбірлі доданы ұйымдастыру алқасы осы аламанға сарапшылар, төрешілер, техникалық қызметкерлерді қосқанда 280 делегат келді дейді. 40-тан астам телеарна әлемнің әр қиырына "Шымбұлақтың" шыңындағы сайысты таратты.

Фристайлдан биылғы әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңін өткізу Қытай еліне жүктелген болатын. Әлемді уысында әлі де ұстап тұрған пандемияның ошағы саналған Қытайдан қауіптенген Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) назарын бізге аударған. Тіпті әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңін өткізуге Канаданың Калгари қаласының басшылығы да ұмтылыпты. Бірақ   FIS Қазақстанның ұлттық шаңғы қауымдастығына ұсыныс хат жолдап   дүбірлі доданы өткізуді сеніп тапсырады. Бытырғы жылдың жазынан бастап өте қысқа мерзімде әзірлік өткізіп, "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортын әлем чемпионатын қабылдауға сақадай-сай еткен. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының хаттамасында жазылған талапқа сай трасса да межелі мерзімде дайын болған.

Ұлттық шаңғы қауымдастығының президенті Диас Сүлейменов фристайлдан   әлем чемпионатын алғаш рет қабылдаған Қазақстан жоғары деңгейде өткізіп бергенін айтады.

"Орталық Азия елдерінде тау шаңғы спортын дамытуға, фристайлдың могул, шаңғы акробатикасын өрістетуге бұл әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңі үлкен серпін берері сөзсіз. Додаға таңдаулы спортшылар жиналды. Солардың арасынан   еліміздің көк туын желбіретіп, мерейімізді үстем еткен саңлақтарға алғысымды білдіремін" деді Диас Сүлейменов.

Ұлттық шаңғы қауымдастығының президенті Д.Сүлейменов әлем чемпионаты аясында Орталық Азия елдері ұлттық шаңғы қауымдастығы басшыларының жиыны өткенін, келешекте шаңғы индустириясын осы өңірлерде қарқынды дамыту жайы талқыланғанын жеткізді.

Спортшыларымыз сайыстың алғашқы күнінен-ақ қанжығамызға медаль бөктерді. Юлия Галышева могулда күміс жүлдегер атанса, Павел Колмаков қола медальға ие болды.

Әлем чемпионатының алтын медалі француз Перрин Лаффонға бұйырса, қола медалға ресейлік Анастасия Смирнова ие болды.

Ерлер арасындағы сында қазылар канадалық Микаэль Кингсберидің өнерін алтынға, француз Бенджамин Кавенің өнерін күміс медальға лайық деп баға берді.  

Қысқы спорт түрлері, оның ішінде могулда енді Анастасия Городконың есімі ерекше аталатын болады. 15 жастағы өскемендік қыз параллельді могулда әлем чемпионатының қола медалін олжалады. Ресейлік Анастасия Смирнова алтын, оның отандасы Виктория Лазаренко күміс медаль иеленді.

Жүлде алады деп сенген Юлия Галышеваның өзі осы сайыс түрінде 15-орынды місе тұтты. Галышеваға ешқандай өкпе жоқ. 2019 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды. Өзі айтқандай туған жердің топырағында шеберлігін паш ету екі есе жауапкершілік жүктейтіні рас. Мүмкін қобалжыған да шығар.   Ерлер арасында Дмитрий Рейхердке 5-орын бұйырды.

Фристайл могулдан әлем чемпионаты мәресіне жеткен соң шаңғы акробатикасынан әлем кубогының финалдық кезеңі жалауын желбіретті. Сенім артқан Жанбота Алдабергенова іріктеу сынынан да сүрінбей, финалдық сайыста шеберлігін паш етіп, қола медальға ие болды. Әлем кубогы кезеңінің алтын медалі   канадалық Мэрион Тэноға, күміс жүлде ресейлік Любовь Никитинаның еншісіне жазылды. Ерлер арасында швейцариялық Пирмин Вернердің шеберлігі жоғары бағаланды. Күміс медальді де осы елдің шаңғы акробаты Николоас Гигакс олжалады. Қола медаль канадалық Льюис Ирвингке бұйырды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт Министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитеті, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Шаңғы Қауымдастығы мен «Шымбұлақ» тау курорты ұйымдастырған әлемдік додаға Samruk Kazyna ұлттық әл ауқат қоры бас демеуші болды.

Халықаралық шаңғы спорты федерациясының талабы бойынша әлем чемпионаты мен әлем кубогына келген әрбір делегаттың бас амандығы ерекше сақталып, әрбір спортшыны жеке автокөлікпен тасыған. Әлемдік додадан жаңалықтар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де ПТР тест тапсырып, арнайы тексеруден өткен соң ғана Шымбұлаққа баруға рұқсат алды.

Алматы қаласында фристайлдан әлем кубогының кезеңдері бұған дейін де өткен. Ал әлем чемпионаты сынды айтулы доданы алғаш рет қабылдап, жоқары деңгейде ұйымдастырды. Бір аптаға созылған аламанының тек соңғы күнінде ғана ауа райы күрт бұзылып, тұман басқаны болмаса, қалған уақытта табиғат та жаймашуақтық танытты.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров