Қазақстан

Алатаудың асуындағы аламан

Экспресс К
©ЭК/Андрей ХАЛИН

2019 жылдың күзінде Қытайдың Ухань қаласында басталған «Ковид-19» індеті әлемді шарпып, барлық салаға зауалын тигізді. Оның ішінде спортқа да келтірген зияны шаш-етектен. Былтыр өтуі тиіс Токио жазғы Олимпиадасы да осы пандемияның кесірінен бір жылға шегерілді. Алматы қаласында фристайлдан әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңі өтті. Бұл сайыс та Қытайда   ұйымдастырылуы тиіс еді, бірақ пандемияның бастау бұлағы аспан асты елі болғандықтан да халықаралық шаңғы федерациясының таңдауы Алматы қаласына түсті. Қысқа мерзімде әлемдік аламанды өткізуге әзірлік, спортшылардың Қазақстаннан түйген әсері қандай, қысқы туризмді дамытуға әлем чемпионаты қалай әсер етеді? деген сауалдарда осы шараның ортасында жүрген жандарға қойдық.

Диас Сүлейменов, Қазақстан Ұлттық шаңғы қауымдастығының президенті:

Фристайлдың могул және шаңғы акробатикасынан әлемнің таңдаулыспортшылары Алатау бөктерінде додаға түсті. Жер жүзінің елінен 140 спортшы бақ сынап, медальдар жиынтығын бөліске салды. Жалпы осы әлемдік додаға сарапшылар, төрешілер, техникалық қызметкерлерді қосқанда әлемнің әр қиырынан 280 делегат келді. 40-тан астам телеарна жер жүзіне "Шымбұлақтың" шыңындағы сайысты таратты.Фристайлдан биылғы әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңін өткізу Қытай еліне жүктелген болатын. Әлемді уысында әлі де ұстап тұрған пандемияның ошағы саналған Қытайдан қауіптенген Халықаралық шаңғы спорты федерациясы (FIS) осы ауқымды шараны атқаруды бізге тапсырды. Тіпті әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңін өткізуге Канаданың Калгари қаласының басшылығы да ұмтылыпты. Бірақ   FIS Қазақстанның ұлттық шаңғы қауымдастығына ұсыныс хат жолдап   дүбірлі доданы өткізуді сеніп тапсырды. Бытырғы жылдың жазынан бастап өте қысқа мерзімде әзірлік өткізіп, "Шымбұлақ" тау-шаңғы курортын әлем чемпионатын қабылдауға сақадай-сай еттік. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының хаттамасында жазылған талапқа сай трасса да межелі мерзімде бітті.Орталық Азия елдерінде тау шаңғы спортын дамытуға, фристайлдың могул, шаңғы акробатикасын өрістетуге бұл әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңі үлкен серпін берері сөзсіз. Еліміздегі ішкі туризмді қыс мезгілінде де өрістетуге болатынын, шетелдіктерді Шымбұлақтың шыңымен де қызықтыра алатынымызды паш еттік. Додаға таңдаулы спортшылар жиналды. Қазақстанға алғаш келген шетелдік спортшылар тұмса табиғатымыздың кереметіне тамсанып, ерекше әсер алды. Келешекте де біз осындай дүбірлі бәйгелерді жоғары деңгейде өткізе алатынымызды   дәлелдеп бердік.

Владимир Шегай, журналист:

Қазақстан Республикасының Мәдениет және Спорт Министрлігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитеті, Алматы қаласының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Шаңғы Қауымдастығы мен «Шымбұлақ» тау курорты ұйымдастырған әлемдік додаға Samruk Kazyna ұлттық әл ауқат қоры бас демеуші болды. Халықаралық шаңғы спорты федерациясының талабы бойынша әлем чемпионаты мен әлем кубогына келген әрбір делегаттың бас амандығы ерекше сақталып, әрбір спортшыны жеке автокөлікпен алып жүрді. Әлемдік додадан жаңалықтар тарататын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де ПТР тест тапсырып, арнайы тексеруден өткен соң ғана Шымбұлаққа баруға рұқсат алды. Пандемияның барлық талаптары сақталды.

Андреа Ренальди Халықаралық шаңғы федерациясының (FIS) рейс-директоры:

Әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңі жоғары деңгейде өтті. Тек сайыстың соңғы күні ғана күн райы күрт суытып, тұман басқаны болмаса Алматы қаласы сайысты жоғары деңгейде ұйымдастырды. Спортшылардың тыңғылықты дайындығының нәтижесінің арқасында жинаған шеберліктері Шымбұлақтың шыңында көпшілікті тәнті етті. Өз тарапымнан осы доданы ұйымдастырып өткізген Қазақстанның Ұлттық шаңғы қауымдастығына, еріктілерге, фристайл трассасын сақадай»-сай етіп әзірлеген қызметкерлерге шаңғы курорты кешенінің мамандарына, жалпы қазақстандықтарға көп-көп алғыс айтамын.   Алатаудың бөктерінде бұдан былай да осындай маңызды сайыстар өтетініне бек сенімдімін.

Юлия Галышева, фристайл могулдан әлем чемпионы:

Туған елімде фристайлдан әлем чемпионаты өтуі мен үшін үлкен мәртебе. Біздің еліміз де осындай салмақты сайыстарды өз биігінде ұйымдастыра алатынын дәлелдеді. Өз еліңде сайысқа түскен жауапкершіліктің салмағын еселеп жібереді. Өйткені жанкүйерлеріңнің шырылдай қолдау көрсеткенінен ерекше әсерленесің. Кейде толқып та кететін сәттеріміз болады. Сырғанау трассасы да талапқа сай болды. Амал қанша, өз елімізде өткен әлем чемпионатында отандастарыма алтын медаль олжалап берсем деп барымды салдым. Бірақ менің өнерімді қазылар алқасы күміс жүлдеге лайық деп тапты. 2019 жылы АҚШ-та өткен әлем чемпионатындағы жетістігімді қайталағым келіп, екі дүркін әлем чемпионы атанғым еді. Оған сәтін салмады.

Асқар Валиев, Ұлттық шаңғы қауымдастығының Бас хатшысы:

Халықаралық шаңғы федерациясының техникалық параметрлері бойынша «А» стандартына сайы екі трасса салдық. Әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңін өткізуге дайындықты күзде бастадық та, фристайл трассасын салу жұмыстарын биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларында жүзеге асырдық.

Жанбота Алдабергенова, фристайлдан әлем кубогының қола жүлдегері:

Бізге ерекше қолдау көрсеткен көрермендерге, жанкүйерлерге айтар алғысым шексіз. Әлем чемпионаты мен әлем кубогының кезеңі бір аптаға созылды. Осы уақытта жанкүйерлердің қатары күн сайын артпаса кеміген жоқ. Әлем чемпионаты сынында медальға қол жеткізе алмағаным өкінішті. Бірақ әлем кубогының кезеңінде қола жүлде бұйырды. Фристайлдың акробатика түрі өте күрделі спорт саналады. Сәл қателік жіберіп, мүлт кетсең өлшеусіз өтккен терің мен тынымсыз жаттығуың зая кетеді.

Мэрион Тэно, фристайл могулдан әлем чемпионы, Канада:

Біз сайысқа түскен күні ауа райы өте тамаша болды. Өзімнің әлем чемпионатында көрсеткен өнеріме көңілім толады. Төменге қарай ылдилдағанда және секіргенде жасаған элементтерім қатесіз орындалды. Жылдамдықты бақылауды назарда ұстадым. Қазақстан әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізді. Бұл елдің табиғаты, таулы аймағы керемет екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров