Ұлттық құрама ұпай олжалады

Экспресс К

ua-football.com

Бұл топта әзірге Франция құрамасы 3 ойын өткізіп, 7 ұпаймен көш бастап келеді. Үш ойында да тең түсіп 3 ұпай олжалаған Украина құрамасы екінші тұр. Босния мен Украина құрамаларымен тең ойнаған Финляндия футболшыларында 2 ұпай бар, үшінші сатыда олар. Босния мен біздің құрамамызда әзірге 1 ұпайдан. Талғат Байсуфинов айтқандай біздің жігіттердің арманы орындалуы үшін аянбай тер төгу қажет.

Футболдан келесі жылы Катар елінде өтетін әлем чемпионатының финалына іріктеу аясындағы екінші матчын Қазақстан ұлттық құрамасы Украинада өткізді. Андрей Шевченко баптайтын Украина футболшылары "Олимпийский" стадионында Қазақстан ұлттық құрамасын қабылдаған.

Бас бапкер Талғат Байсуфинов кезекті матчқа тактиканы өте дұрыс құрағын ойын барысында байқалды. 20-минутта Роман Яремчуктің соққан голынан кейін алаң иелері арқаны кеңге салып, айылдарын босатқандай көрінген. Тіпті екінші таймда да есепті еселеп, айқын басымдықпен ұтамыз деген үлкен дәмелері де болғаны байқалды. Бірақ 59-минутта Ян Вороговский өрістеткен шабуыл нәтижесін берді. Айып алаңына жақындап кеп команда капитаны Азат Нұрғалиевке пас берген. Алдында үш бірдей қорғаушы тұрғандықтан Азат оң қапталда тебуге дайын тұрған Серікжан Мужиковтың алдына допты домалатып берген. Серікжанның шиыра тепкен соққысы голға айналды. Матч межесіне жеткенше осы есеп сақталып, Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу тур аясындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.

Украина ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Шевченко бүй деді.

"Біздің ффутболшыларда гол соғатын мүмкіндік өте көп болды. Орай келгенде мүлт кетіп жатты. қазақстан футболшылары ақырына дейін тартысты. Құттықтаймын, 1 ұпай олжалады олар. Әлем чемпионатының финалдық ойындарына іріктеу аясындағы үшінші матчта тең есепті қанағат еттік, бұл мен үшін көрсеткіш емес. Қорғаныстағы ойыншылардың қожыраған қимылына қарап қарның ашады. Бізге тасқамал қорғаушы іздеп табу, құрамаға шақыру басты шаруа болып отыр. біздің құраманы қазақ футболшылары жазалады, оны мойындауымыз керек. Менсінбеудің арты неге әкеп соқтыратынын дәлелдеп берді".

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсуфинов та матчтан кейін өзінің пікірін айтты.

"Мен біздің жігіттердің ойынына көңілім толды. Рас, мұның алдындағы Франция құрамасынаа қарсы ойында, бүгінгі Украина футболшыларымен тартысқанда да бірінші нөмірмен ойнамадық, басымдыққа ие болуға мүмкіндігіміз де, әлеуетіміз де келмейді, оны мойындау керек. Бірақ бірінші тайм біткендегі үзілісте жігіттердің жігерін жаныдым. Құрамаға шақыртқан жастардың да өздерін қамшылайтын сәті осы екенін ұғындырдым. Есепті теңестіре алдық. Біз үшін әзірге әлем чемпионатының финалдық ойынына қатысу арман. "Армансыз адам, қанатсыз құс болмайды". Арманның да ақиқатқа айналар сәті туады".

Украина ұлттық құрамасының серкелері саналатын бірнеше футболшы жарақатына байланысты бұл ойынға қатысқан жоқ. Содан да болар, сарапшылар, мамандар украиндардың біздің жігіттермен ұпай бөлісуін сенсация емес, қалыпты жағдайға балап отыр.

Келер жылы өтетін әлем чемпионатына іріктеу матчын біздің футболшылар өз елімізде бастады. Нұр-Сұлтан қаласындағы "Астана Арена" стадионында Франция ұлттық құрамасымен тартысқа түсіп, 0:2 есебімен есе жіберген-ді. Рас, ұлттық құраманың капитандық міндетін арқалап шыққан Азат Нұрғалиевтің өзі француз футболшыларына қарсы ойында тегеурін таныта алмады. Содан соң да баспкер оны алмастырды. Пол Погба, Антуан Гризманн, Усман Дембеле сынды футбол саңлақтарының мысы басты ма, матчтың өнебойы француз футболшыларының басымдығымен өткен болатын.

Біздің жігіттер іріктеу матчтарын D тобында Франция, Украина, Финляндия, Босния және Герцеговина құрамаларына қарсы өткізеді. Үшінші матчта жігіттер 1 қыркүйекте Украина құрамасын өз алаңымызда қабылдайды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров