Сырбаз Талғат, еркін күрестен Азия чемпионы: Арманым – Олимпиада алтыны

Express Qazaqstan
ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Алматыда күрес түрлерінен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Аптаға созылған құрлық бәсекесінде біздің елдің балуандары да толайым табысқа кенелді. Әсіресе, еркін күрес құрамасы үш алтын, екі күміс медаль олжалады.

Әсет Серікбаев баптайтын еркін күрес құрамасының мүшесі Сырбаз Талғат 70 келіде Азия чемпионатынынң алтын медалін иеленді. Индер ауданының тумасы Сырбаз Атырау спортшыларының арасынан алғаш болып еркін күрестен Азия чемпионы атанған саңлақ. Мұнайлы өңірдің маңдайалды балуанын жеңісімен құттықтап, аз-кем сұхбат алдық.

– «Экспресс К» оқырмандары да жақынырақ тани түссін. Туған жерің, өскен ортаңнан бастасаң.

–Атырау облысы, Индер ауданы, Аққала ауылында өмірге келдім. Бала күнімен спортпен, оның ішінде еркін күреспен шұғылданып келемін.

–Еркін күрестен атыраулықтар арасында Азия чемпионы атанған алғашқы балуан өзіңсің.

–2018 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Үндістан елінде өтті. Финалға дейін алқынбай жеткем, бірақ алтын медаль үшін белдесуде өзбек балуанына есе жіберіп, күмісті місе тұтқан едім. Араға үш жыл салып міне, құрлық додасында топ жардым.

–Қазақ жерінде, өз еліңде өткен жарыста жауапкершілік жүгі еселенетіні белгілі. Оның үстіне жастардан ересектер дуына енді қосылдың.

–Сенесіз бе, аса бір толқу болған жоқ. Жауапкершілік жүгін сезінгеніміз рас. Оқу-жаттығу жиынынан кейін ұлттық құрама бапкерлері кеңесіп, қай балуанды Азия чемпионатына қатыстырамыз деп, жоспар түзді. 70 келіде күресу мүмкіндігі маған бұйырды. «Жас келсе іске» дегендей сенім артқан екен, үмітті қалайда ақтауға тиіспін деп өзіме-өзім серт бердім.

–Белдесу бәсекелері қалай өтті?

–Бір қолмен күрестім, бәрін де қалпақпен ұрып алдым дей алмаймын, Азия құрлығында еркін күрестен бәсекенің буы бұрқырап тұрады қашанда. Ирандықтарды иліктіруге де аз күш кетпейді, Оңтүстік Кореяның күрес мектебі де мықты. Командалық есепте Азия чемпионатын осы елдердің балуандары бірнеше мәрте ұтып кетіп жүр. Қырғыз, өзбек балуандары да тегеурінді. Іріктеу белдесуінде Кувейт балуанын 11:0 есебімен ұттым. Екінші айналымда үндістандықта да 6:0 ұпайымен ығыстырдым. Жартылай финалда оңтүстіккореялықты 6.2 есебімен жықтым, финалда өзбек спортшысын да дәл осындай есеппен ұттым.

–Азия чемпионатының финалында өзбепкғтің тәжірибелі балуаны Сироджиддин Хасанов тым ашулы күресті. Тіпті сені итеріп нұқып те жіберді. Әлде жеңіліп бара жатқан соң осындай әрекетке барды ма?

–Өзіңіз айтқандай өзбек балуаны менен әлдеқайда үлкен. Тәжірибесі де мол. Белдесудің уақыты болса бітіп барады, есеп 6:2. Мұндайда ол мені ашуландырып, сол сәтті ұтымды пайдаланып кеткісі келді. Кейбір спортшылар ашуға бой алдырып ұстаса кетеді де, әдіске түсіп қалады. Хасанов менің де жүйкеме ши жүгіртіп көргісі келді. Бірақ онысынан түк шыққан жоқ. 2018 жылы Үндістанда жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатының финалында өзбекстандық балуанға кеткен есемді қайтарғаныма қуандым. Одан бұрын әрине, өз елімізде өтіп жатқан аламанда атойлап алға шыққанымды зор мәртебе санаймын.

– Алда Токио олимпиадасы. Бірақ сен олимпиадалық салмақта күреспейсің. Дегенмен де бапкерлер қауымы салмағыңды түсіртіп, 65 келіге ауысуға ұсыныс білдіріп, Токиода додаға қосамыз деуі де мүмкін ғой. Жастығыңа қарамай құрлық чемпионатында алтын алдың.

–Әрине ондай мүмкіндік берілісе, барымды салар едім. Бәрі Алланың қалауымен болатын іс қой. 70 келі салмақта күрескеніммен менің салмағым 72-73 келіден аспайды. Салмақ қууда соншалықты ауырлық етпейді. 65 келіге де төмендеуіме болмаса 74 келіге ауысу да қиын емес. Тек бапкерлердің шешіміне байланысты бәрі. Қазақ балуандары еркін күрестен жазғы Олимпиаданың алтын медалін, әлем чемпионы атағын да ала алмай келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру бізге жүктелген аманат. Сол аманатты арқалап, абырой биігінен көріну үшін тек қана барымызды салып жаттығу керек. Олимпиада чемпионы атану да басты арманымның бірі. Қазақ баласы да жеңіс тұғырында тұрып, көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды әлемге тыңдатуға тиісті деп санаймын.

–Алда қандай жоспар бар?

– Аз күн тыныққан соң оқу-жаттығу жиыны басталады. Соған қатысамыз.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров