Әлемдік рейтинг жаңарды

Express Qazaqstan
ijf.org

Дзюдо күресінің халықаралық федерациясы (IJF) жаңартылған рейтингті жариялады.

Жуырда Өзбектсанның бас қаласы Ташкентте Grand Slam турнирі өтті. Осы доданың көрігін қыздырған балуандардың бәсекесінде оза шапқандары ұпайын молайтып қана қоймай, рейтингте де өрледі.

Халықаралық дзюдо федерацияның жаңартылған рейтингінде әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов 60 келіде екінші сатыға орнықты. Бұған дейін ол 5-сатыда тұрған-ды. Сметов Ташкенттегі турнирдің түңлігін неміс балуаны Максимилиана Хайдермен күресіп түрген. Екінші айналымда өзбек Мирзохид Мухаммаджановты жеңді. Ширек финалда Грузияның үміті Джаба Папинашвилиді жықса, жартылай финалда әзірбайжандық Карамат Хусейновты тізерлетті. Финалда жапон балуаны Рюдзю Нагаямаға есе жіберді. Осы 60 келіде Дамир Болатбеков те күрескен, алғашқы айналымнан аса алмай елге қайтты.

66 келіде Ерлан Серікжанов күрескен, іріктеу белдесуінде бой берді. Бірақ Ерланды жеңген балуан финалға шыққандықтан, жұбаныш белдесуі бұйырды. Словакия спортшысы Матея Полякты ұтып, қола жүлдеге таласуға орай туған. Бірақ ресейлік Арам Григряннан күші аспай 5-орынды місе тұтты. Ерлан Ташкенттегі турнирде белдескенге дейін де әлемдік рейтингте 12-сатыда тұрған, сол орнын сақтап қалды.

73 келіде Жансай Смағұлов та финалға шыққан. тіпті Моңғолия балуаны Цогтбаатар Цэнд-Очирді қосымша уақытта иппонмен ұтқан. Төрешілер бейнебақылауды қайталап көріп, Жансай қарсыласының етегінен емес, аяғынан ұстады деп ұпайын есепке алмады. Сөйтіп күміс медальді місе тұтты. Десе де Жансай Ташкенттегі жетістігінен кейін 73 келі салмақтағы серкелердің рейтингінде 5саты өрлеп, 14-орынға тұрақтады.

Ташкентте өткен   турнирге Қазақ елінің атынан қатысқан өзге балуандар іріктеу сынында сүрінгендіктен рейтингтегі жетістіктерін де жақсарта алмады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров