Атан түйе сүрінді

Экспресс К

ҚР ҰОК баспасөз қызметі

Алматыда күрес түрлерінен Токио олимпиадасына лицензия бұйыратын турнир басталды. Сайысты грек-рим күресінің балуандары бастаған. Бақтияр Бәйсейітов бапайтын грек-рим құрамасының балуандары осыған дейін 60 және 77 келі салмақ дәрежесінде Олимпиада жолдамасын еншілеген болатын. Алатау бөктеріндегі белдесуде 67, 87, 97, және 130 келі салмақ дәрежелерінде Токио олимпиадасына қатысу лицензиясы сарапқа салынған.

Өкінішке қарай, бізідң балуандарға 1 ғана жолдама бұйырды.

Енді ретімен баяндайық.

67 келі салмақта бапкерлер кеңесіп, Мейіржан Шермаханбетті күреске салуды құп көрді. Өйткені таяуда Италияның Рим қаласында өткен халықаралық турнирде Мейіржан еліміздің тәжірибелі балуаны саналатын әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмат Кебісбаевты айқын басымдықпен ұтып, әлеуетінің зор екенін көрсеткен. Бірақ Шермаханбет шаршап қалды. Қырғызстандық балуан Мәрлен Әсекеевке 2:8 есебімен жол берді. Мәрлен биылғы Қырғызстан чемпионатының финалында Амантұр Ысмайыловтан 3:6 есебімен ұтылып тұрып, белдесудің бітуіне 40 секунд қалғанда жеңісті жұлып алып, ел чемпионы атанған балуан.

Дайындығымыз да, бабымыз да жақсы еді. Аяқ-қолым өзімдікіндей емес, қатты да қалды, мүмкін қарсыластың алдында "жанып кеттім" ба деп ойлаймын. Өкініш өзегімді өртейді әрине, алда Болгарияда өтетін әлемдік аламанда сенім артса, барымды саламын" дейді Мейіржан Шермаханбет.

87 келі салмақта ұзақ үзілістен кейін кілемге қайта оралып, ортасын тапқан Нұрсұлтан Тұрсынов күресті сағынып-ақ қалыпты. 2016 жылы қанының құрамынан тиым салынған мельдоний препараты табылып, 4 жылға шеттетілген балуан барын салып күресті. Тұрсынов үшін де Токио Олимпиадасы ақырғы аламаны болуы бек мүмкін. Жасы келген балуан орнын басар жастардың шоғыры өсіп келе жатқанын жақсы біледі. Тұрсыновтың аяғына допинг-тест тұсау салған соң ұлттық құрамада Азамат Күстібаев топ бастады. Екі мәрте Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды. Бірақ былтырғы Қазақстан біріншілігінде Күстібаев Тұрсыновтан ұтылып қалды. Римде өткен халықаралық турнирде де Нұрсұлтан бабында екенін байқатқан соң бапкерлер сенім артты. Сол сенім ақталды да.

Нұрсұлтан алғашқы айналымда жапон Масато Сумиді жеңген, екінші белдесуде оңтүстіккореялық Джинхеок Кимді жеңген. Финалда қытай спортшысы Фей Пэнге қарсы күресуі керек еді. Пэн белдесуге шыққан жоқ. Тұрсынов лицензиялық турнирдің алтынына қоса Токио олимпиадасының жолдамасын олжалады.

130 келі салмақ дәрежесінде лицензиялық турнирге Георгий Цурцумия қатысты. 2008 жылдан бастап спорттық мансабын аяқтап түрлі қызметтерді атқарған Афины Олимпиадасының күміс жүлдегерінің кілемге қайта оралуын сан-саққа жүгіртушілер де болды. Афины Олимпиадасының жартылай финалында Георгий Цурцумия Сидней Олимпиадасының чемпионы Рулон Гарднерді жеңді. Ол кезде балуанның жасы 24-те болатын. Бүгінде 40-қа қадам басқанда қайта оралған балуанның жолы болған жоқ. Бірінші белдесуінде оңтүстіккореялық Минсеок Кимге есе жіберді. Екінші мүмкіндігінде қытайлық Линчжэ Минге де есе жіберді.

Қыздарға да бірнеше жолдама олжалайды деп сенім артылған. 35 жастағы Татьяна Аманжол ғана үмітті ақтап, Токио ОЛимпиадасына бару құқығын иеленді. Эмма Тисина (57 келі), Аяулым Қасымова (62 келі), Жәмила Бақбергенова (68 келі) жолдамаға жете алмады.

Еркін күрес құрамасынан 125 келіде Жүсіп Батырмұрзаевқа ғана жолдама тиді. Жүсіп финалда моңғол балуанын ұтты. Өкінішке қарай 86 келіде күрескен Азамат Дәулетбеков те сенімді ақтай алмады.

Мамыр айында Болгарияда өтетін әлемдік іріктеу турнирі болады. Балуандарымызға соңғы мүмкіндік Софиядағы сайыс болмақ.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров