Үржар ханшайымы мен Әбілқайыр ханның бас сүйегінің құпиялары хақында

Экспресс К

ХАН МОЛАСЫ

Бұрынғы замандарда қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген Үржар ханшайымының, Әбілқайыр хан мен ежелгі тайпалардың құпиялары генетика ғылымы арқылы мәлім болып жатыр. Мамандар ғылыми ізденістерінің арқасында маңызды сұрақтарға жауап тауып, тарихи жаңалық ашуда.

Биология ғылымдарының кандидаты, профессор Лейла Жансүгірова сүйікті ісіне жан-тәнімен берілген. Ол 1989 жылы Қазақ мемлекеттік университетін қызыл дипломмен бітірді. Сонымен қатарласа Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің генетика кафедрасында оқыған. Сондай-ақ, Лейла Болатовна ҚазМУ аспирантурасында да оқып, «генетика» мамандығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. 1992 жылдан 1996 жылға дейін РҒА Ген биологиясы институты нейрогенетика және генетика зертханасының ғылыми қызметкері болып істеді. Қазір жалпы генетика және цитология институтын басқарады.

– Әдетте қазақ әйеліне тән болып саналмайтын мамандықты қалай таңдап жүрсіз?

– О баста кинотанушы боламын дедім. Екі жыл бойы «Қазақфильмдегі» арнайы дайындық курсына бардым. Белгілі киносыншылар, режиссерлер мен әртістер бізге, 9-10-шы сынып оқушыларына тәжірибелерін бөлісті. Сабақ кешкі сағат алтыдан онға дейін өтетін. Тіпті түнге дейін отырып қалған кездеріміз де болды. Жаңа фильмдерді талқылап, кәдімгідей рецензия жаздық. Туыстарым мен достарым мені Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына түседі деп жүрген. Кенеттен күтпеген жағдай болды. Әпкемнің достарымен, яғни болашақ биологтармен таныстым. Тәжірибеден өткені, жан-жануарлар мен өсімдіктер туралы бар ынтасымен айтатын. Оларды киносыншылармен салыстырып едім, алғаш ұнатқан мамандығым маған қызық болмай қалды. Ал кинематография институтына қатысты мәселенің бәрі шешіліп тұр еді. Тіпті Мәскеуде мені жатақханада тұрмайтындай етіп әкем келісіп қойған. Оның жақын режиссер досы Леонид Пчелкин үйінде тұрғызатын болыпты. Бірақ кинематографияға деген қызығушылығым мүлдем басылып қалды. Ал әке-шешем соған қалай да барасың деп қинаған жоқ. Онысы үшін рахмет. Сөйтіп, нақ биология мен генетикаға бейім екенім айқындалды. Аса көрнекті педагогтардан тәлім алдым. Курстастармен де ара қатынасым жақсы болды.      

– Сізге негізінен қандай зерттеулер ұнайды?

– Бұған біржақты жауап бере алмаймын. Маған өзіміз айналысып жатқан жобалардың бәрі қызық. Генетика құпияға толы. Ғылым, тарих және бүкіл адамзат үшін сол құпияларды ашу керек. Мысалы, Семей полигоны төңірегінде тұрып жатқан үш буын өкілдерін зерттедік. Оған 350-ге жуық адам тартылды. Олар – ядролық жарылысты көзімен көргендер, солардың балалары мен немерелері. Айта кетейін, Семей полигонындағы атом бомбасының алғашқы жарылысы куәгерлерінің баласы екеуден кем болмауы тиіс дедік. Өйткені радиация сәулесіне шалдығудың болашақ ұрпаққа қаншалықты қауіпті екенін білгіміз келді. Сөйтіп, қандарын алып тексергенде, ондағы немерелердің денсаулығы еліміздің кейбір өңірлерінде тұратын қатарластарынан әлдеқайда мықты екенін анықтадық.

Экология бойынша қажетті және пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Біздегі қараусыз қалған пестицид қоймаларының орындары апаттық жағдайға жеткен. Адамдар денсаулыққа зиянды заттар қаншама жыл сақталған үй-жайларда тұрып жатыр. Ондағы жер мен суға залал келген. Балалар әлжуаз, аурушаң боп туады. Жергілікті тұрғындармен сөйлескеннен еш пайда жоқ. Олар сол жерге көкөніс пен жеміс өсіріп, соларды жейді және күре жолға шығып сатады. Сосын балық аулап, мал өсіреді, омарта ұстайды. Бұл – бөлек әңгіменің тақырыбы. Ол туралы қысқаша айту мүмкін емес.

Тарихи зерттеулер маған теңдессіз қуаныш сыйлайды. Әбілқайыр ханның сүйектерінен сәйкестік тапқанымызда, отбасылық мереке кезіндегідей шаттанғанбыз. Ел игілігі үшін атқарылатын жұмыс адамдарды қатты жақындатады.   

– Жұмыс барысында даулы мәселе туындаған жоқ па?

– Әбілқайыр ханның бас сүйегіне қатысты қызық жағдай болды. Ақтөбе облысының Айтеке би ауданындағы үлкен қорымнан табылған үш адамның сүйектерін зерттедік. Археологтар мен тарихшылар әдемілеу көрінген моланы дұрыс деп есептеді. Бірақ біздің генетикалық зерттеу арқылы Әбілқайыр ханның қазіргі ұрпақтарының басқа жердегі сүйектермен туыстығы анықталды. Екеуінің де кескін-келбетін қалпына келтіру керек болды. Сөйтіп, біздікі дұрыс екенін мойындап, «Хан моласы» қорымында мемориалдық кешен салынғанға дейін бірталай уақыт өтті ғой.

2013 жылы Алтыншоқы және Лайбұлақ ауылдары маңындағы Тасарық қорғанында қазба жұмыстарын жүргізу кезінде ақсүйек сақ әйелінің бейіті табылды. Онда сүйектер шамамен екі жарым мың жылдай жатқан. Олар топырағымен бірге «Қырым аралы» қалпына келтіру зертханасына жеткізілді. Зерттеу барысында сәукеле пішіндес бас киімі бар бұл әйелдің 40-50 жас шамасында болғаны анықталды. Ақпарат құралдарында оны Үржар ханшайымы деп атап жатты. Атақты реставратор Қырым Алтынбеков пен оның әріптестері ханшайымның киімі мен өсімдік тектес және құс түріндегі өрнектері, қуырсындары бар, ұшы үшкір алтын бас киімін қайтадан жасап шығарды. Бұл ақсүйек әйелдің халық медицинасына қатысы бар. Ол адамдарды емдеп, өсімдіктердің емдік қасиетін білген болуы керек. Біз сүйек кесінділерін сараптауға алғанымызда, реставраторлар сол сүйектер мен киім қалдықтарын ДНК-ға зиян келтіретін арнайы ерітіндімен өңдеп қойған еді. Ежелгі сүйектер нашар сақталғандықтан және әлгі еретіндімен өңделгендіктен, біз Үржар ханшайымының ДНК-сының аздаған бөлігін ғана анықтай алдық. Содан оның анасы жағының азиялық екенін білдік. Осылайша ДНК жөніндегі ақпаратты толық анықтай алмадық.

Есесіне Ботай мәдениеті кезінде өмір сүрген энеолиттік адамдарды зерттеу ісі сәтті болып, қызықты нәтижелер көрсетті. Сол бойынша бұл ежелгі өкениеттің өте аз генетикалық ұрпақ қалдырғаны анықталды.

Жұмысымда тосынсыйлар жиі болып жатады. Әлдебір ежелгі ру-тайпаларды зерттей отырып, өте жаңа, беймәлім жайттармен бетпе-бет келіп қаласың. Жойылып кеткен популяциялар, таңғажайып әрі жұмбақ жағдайлар туралы білесің. Сөйтіп, алда әлі талай жаңалық ашуға болатынын түсінесің.   

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров