Көне қалашықта ашық аспан астындағы парк салу жобасы қалай жүзеге асырылып жатыр?

Express Qazaqstan
© Алексей КАМЕНСКИЙ

«Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру» бірегей ғылыми жобасы аяқталуға жақын. Оны Қазақ ғылыми зерттеу мәдениет институты (ҚҒЗМИ) Eurasian Resources Group-тың (ERG) қаржылай қолдауымен жүзеге асыруда. «ЭК» тілшісіне сұхбат берген «Қазақ ғылыми зерттеу мәдениет институты» ЖШС бас директоры, философия докторы (PhD) Андрей Хазбулатов жобаның жүзеге асырылу барысы жайлы әңгімеледі. Айта кетейік, аталған институт бұл ірі жобаны екі жыл бұрын жүзеге асыра бастаған. 

– ҚҒЗМИ Күлтөбе қалашығындағы зерттеу жұмыстарын 2016 жылы бастаған болатын. Жобаны орындаушыны таңдағанда осы жағдай ескерілді ме?

– Әрине, шешуші себеп сол болды. Аталған нысанда зерттеу жұмыстарын жүргізуге авторлық құқықты 2016 жылы алғанбыз. Сондықтан біздің институтты орындаушы етіп бекітті. Күлтөбедегі қазба жұмыстарымен орта ғасырдың сәулет өнері бойынша танымал археолог Ерболат Смағұлов 2017 жылдан айналысқан еді. Өкінішке қарай, ол 2019 жылы қайтыс болды. Күлтөбе қалашығының қай жағынан да, яғни тарихи, ғылыми тұрғыдан да, туризм тұрғысынан да тиімді нысан екенін сол кезде-ақ білгенбіз. Сондықтан оны дамытуға барынша күш салдық. Біз бұл жобаны алдымен үкіметте қорғап, сосын жүзеге асыруға рұқсат алдық. Ғылыми тұжырымдама мен ашық аспан астындағы архоелогиялық парктің сызбасы жасалды. Жалпы, жобаның болашағы зор екеніне мемлекеттік органдағыларды иландыру оңайға түскен жоқ. Өйткені басында археологтар зерттеген аз ғана аумақтан басқа түгіміз де жоқ еді. Ал қалашық ол кезде қоқыс басқан, қурай қаулап өскен төбелерден ғана тұратын. Ол жерден болашағы зор туристік нысанды елестету қиын болатын. Түркістанды дамытуға деген қажеттілік туындағанда, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің төңірегін абаттандыру мәселесін шешу керек болды. Бірақ буферлік аймақта құрылыс жүргізе алмайсыз. Өйткені ол жерде көп ғасырлық тарихы бар қалашық тұрғаны мәлім еді. Содан кейін онда археологиялық зерттеу жүргізіп, толыққанда туриыстік нысан – «Күлтөбе қалашығы» атты ашық аспан астындағы археологиялық парк ашуды ұсындық.

– Көне қаладағы археологиялық қазба 2012 жылы жүргізілген. Сіздерден бұрынғылардың жұмысы қаншалықты атқарылыпты?

– Әрине, олар жақсы жұмыс атқарды. О баста археологтар ең көне қамал мен ғибадатхананы тапқан. Олар біздің дәуірімізге дейінгі І ғасыр мен біздің дәуіріміздегі ІІ ғасырға тиесілі. Ғибадатхананың не үшін салынғанын анықтауға әлі де тырысып жатырмыз. Бірнеше нұсқасы бар. Бір нұсқа бойынша, бұл әдет-ғұрып ғибадатханасы болған. Кейін басқа мақсаттарға қолданылған сияқты. Қазіргі зерттеушілердің айтуынша, бұл обсерватория немесе кітапхана да болуы мүмкін. Тек осы крест түріндегі ғибадатхананың Күлтөбе қалашығындағы негізгі нысан екені айдан анық. Бұл Түркістан тарихының 2 мың жылдан асатынын көрсетеді.

– Бұл жоба аясында сіздің институт ашық аспан астындағы осындай жалғыз парктің тұжырымдамасын жасап шықты. Оның ерекшелігі неде?

– Күлтөбенің ерекшелігі оның көптеген қабаттардан тұратындығында. Біз тұжырымдамада әртүрлі кезеңдерге тиесілі 30 шақты нысанды көрсеттік. Ол Түркістан сәулетінің эволюциялық жолын айқындайды. Табылған үйлер мен қоғамдық орындарға қарай отырып, мұнда құрылыс бағзы замандардан-ақ белгілі бір ережелер бойынша жүргізілген деген байлам жасай аламыз. Олар бүкіл Орталық Азияға тән өңделмеген материалдардан өрілген сәулетке қатысты. Оның өз ережелері бар және өзінше бірегей болып келеді.

– Алғашқы екі жылдағы жұмыс нәтижесі қандай?

– Біз екі жылда ашық аспан астындағы парк үшін бөлінген 27 гектар жердің 18 гектарын зерттеп шықтық. 2019 жылы тоғыз гектар жерді қазғанбыз. Одан бірқатар якорлық нысандарды таптық. Солардың ішінде біздің дәуірімізге дейінгі І ғасыр – біздің дәуіріміздің ІІ ғасырынан жеткен ең көне ғибадатхана және XII ғасырдағы сопының үйі, X–XI ғасырлардағы мехрабы бар ғимараттар, XVIII ғасыр мен XIX ғасыр басындағы жер иеленуші байдың үйі, XV–XVII ғасырлардағы бұйымдарды күйдіретін пеші бар қыш-құмыра шеберханасы сияқты әртүрлі кезеңдерге тиесілі нысандар тұр. Сондай-ақ, екі жылда 2 580 көне бұйымды таптық. Оларды болашақта еліміздің мұражайларына қоюға болады.

– Андрей Равильевич, ашық аспан астындағы археологиялық паркті нақ осы жерге орналастыратындай Күлтөбенің қандай ерекшелігі бар.

– Басты ерекшелігі – оның ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енетін ортағасырлық сәулет өнерінің аса көрнекті ескерткішіне жақын орналасуында. Күлтөбе қалашығы – Түркістанның бастауы. Яғни кесене дәл осы жерге кездейсоқ салынбаған. Бұл ең алдымен осы жердің көне Түркістан тұрғындарының әдет-ғұрпы үшін маңызды екенін білдіреді. Күлтөбе талай құпияны ішіне бүгіп жатыр. Олардың кейбірін міндетті түрде ашамыз. Ал кейбірі ашылмаған күйі қалатын да шығар.

– Археологиялық қазба жұмыстары кезінде көптеген ғажайып бұйымдардың табылғаны мәлім. Солардың қайсыларын ерекше атап өтер едіңіз?

– Ондай көне бұйымдар өте көп. Екі жылда алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар, жартылай бағалы тастар, кітаптар, ескі ақшалар коллекциясы табылды. Ақшалардың саны 450-ге жуық. Ең ескілері II–IV ғасырға жатады. Сондай-ақ, әдет-ғұрып, жөн-жоралғыға қажет және тұрмыста қолданылатын аса құнды керамикалар коллекциясы бар. Бұл қалашықта қыш-құмыра шеберханаларының өте көп болғаны байқалады. Ондағы керамикалар әртүрлі замандарға тиесілі. Жалпы алғанда 25 мың қыш сынықтарын таптық. Тұрмыс пен әдет-ғұрыпқа қолданылатындарынан бөлек, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін салуға пайдаланылған қаптама керамика да табылды. Бұл – кесенені нақ осы күлтөбелік шеберлер салғанына дәлел. Яғни қаптамасын да осы жерде жасаған. Ал бұрын ол қазіргі Өзбекстан аумағында орналасқан қалалардан әкелінген деп айтылатын.

– Пандемияның кесірінен бір жыл бойы қиын жағдайда отырмыз. Карантин сіздердің жобаны жүзеге асыруларыңызға әсер етті ме?

– Әрине, коронавирус пандемиясы біздің жұмыста да қиындықтар тудырды. Бірақ біз бұл шаруаны тексеруші органдардың қаһарына ұшырамайтындай етіп атқардық. Сондықтан оқыс жайттар болған жоқ. Адамдар далада жұмыс істеді. Бәріне бетперде мен санитайзер бердік. Ал әлеуметтік ара қашықтық бізде өз-өзінен сақталад

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров