Инновациялық құрғатқыш бетон қалаларды көлшік пен топан судан арылтады

Express Qazaqstan
interestingengineering.com

Қалалардағы топан су мен шалшықтардың да тек тарихтың бір белгісі боп қалатын күндері алыс емес. Ағылшын инженерлері мол көлемдегі суды бірден бойына сіңіріп алатын арнайы құрғатқыш бетон жасап шығарды. Осы жаңа төсеніштің арқасында қатты нөсер жауын болған күннің өзінде де жолда шалшық немесе жылғалар пайда болмайды. Бұл жаңа материал туралы interestingengineering.com басылымы жазған.

Қазір нөсер жауын мен топан су Алматы, Орал, Семей немесе Нұр-Сұлтан қалаларының ғана бас ауруына айналып отырған жоқ. Әлемде мұндай мәселеден зардап шегіп отырған мыңдаған қаланың атын атауға болады. Олардың арасында Амстердам, Кельн, Брюссель, Ванкувер, Токио, Манчестер, Нью-Йорк және басқалар бар. Топан су қала тұрғындарын қинап қана қоймай, шаһардың инфрақұрылымына нұқсан келтіреді. Әдетте коммуналшылар бұл мәселені жол мен тротуардан суды алып кететін суағар жүйесінің көмегімен немесе оны сорып алу арқылы шешеді. Алайда топан су және содан пайда болған шалшық пен жылғадан бұл арқылы толық құтылу әсте мүмкін емес.

Енді осы мәселені шешуге ағылшын инженерлері кірісті. Олар ылғалды бойына бірден сіңіріп алатын бетон жасап шығарды. Мамандардың есебі бойынша, осы төсеніштің бір шаршы метрі бір тоннаға дейінгі суды 15 секеундта сорып алады. Бетонның құпиясы – суды елеуіш сияқты өткізіп алатын кеуек құрылымында. Сосын су топыраққа, резервуарға немесе кәрізге кетеді. Әйтеуір, тұрғындарды әуреге салатын шалшық пен жылғалар болмайды.

Сондай-ақ, инженерлердің айтуынша, инновациялық бетонның «тыныс алу» қабілеті бар. Егер құрғатқыш жүйеде біраз су қалып қойса, ол аптап ыстық күндері жолды салқындата алады.

Жаңа төсеніштің әттеген-ай дегізетін тұстары да бар. Біріншіден, бағасы тым қымбат. Құрғатқыш жүйені орнатып, бетонды жасау кәдімгі асфальт төсеуден әлдеқайда қымбатқа түседі. Екіншіден, кеуекті төсенішпен көлікпен өтсең, шуылы көп болады. Үшіншіден, бұл бетон өте төмен температураға шыдамайды. Жалпы, оны жасаушылар технология толық игерілмеген, кемшін тұстарды түзейміз деп отыр.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров