Шымкентте кәсіпкерлердің наразылығынан кейін санитарлық қаулы өзгертілді

Express Qazaqstan

Балмұздақ, дөнер сияқты тамақтарды сыртта сатумен айналысатын 70-тен астам кәсіпкер бас санитар дәрігердің қаулысына наразылық танытып, әкімдік алдына жиналған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Айтуларынша карантиндік шектеулер бір-біріне кереғар. Шенеуніктер білгенін істеп кетті деген олар әкімді талап етіп, тіпті шахардың бас санитары жұмыстан кетсін деген талап қойды. Шымкент қызыл аймаққа кірген соң күні кеше күшейтілген қаулы шыққан еді. Бірақ, бұл құжат шағын кәсіп иелеріне ұнаған жоқ. Балмұздақ, дөнер мен фастфуд сататын 70-тен астам кәсіпкер таң атпай қала әкімдігіне жиналды. Қолдарына плакат ұстаған олар қала әкімі шықсын деп ұрандатты.

"Сіздер қазір қамалуға дайын келіп тұрсыздар ма? — Біз өлуге де дайынбыз. Біздің настрой дерзкий олар ойлағаннан да. Отырып алып анау болады, мынау болмайды дейді. Ақ-қарасын ажыратпай өзінше шешім қабылдап отқан жігіттердің бірі Төлебаев қазіргі таңда кәсіпкердің тек қана алдымызды орап жатқан единственный адамдардың бірі деп айтуға болады. Баршамыз біріге отырып Төлебаев жұмыстан кетсін деп талап етеміз. Жұмыстан кетсін ба? — Кетсін! –кетсін ба?-Кетсін!"- дейді кәсіпкер Арман Таңсықбаев.

Шулы топты шенеуніктер әкімдікке емес, жанындағы көрме орталығына шақырды. Неге болса да дайынбыз дегендерден қорықты ма әлде уақыты болмады ма бірақ не әкім, не бас санитар келген жоқ. Десе де, ашулы топты емес тілшілерді кабинетінде қабылдауға келіскен Әбдіманап Төлебаев жылы орнынан кеткісі келмейтінін ашық айтты.

"Мен отставкаға кететін саяси қызметкер емеспін, біріншіден. Екіншіден, мен әкімшілік мемлекеттік қызметкерімін. Қазіргі таңға өзімнің күш жігерімді, білімде және де мынау өзімнің бағытымда осы қазір жұмыстан кететін жағдайда деп санамаймын. Ол кісілер не айтпайды, не қоймайды"- деді Шымкент қаласының бас санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев.

Қалай болған күннің өзінде Шымкенттік шенеуніктер қаулыны өзгертуге мәжбүр болды. Енді тамақты сыртта сататындарға түнгі 10-ға дейін емес, тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік берілді. Ал, даулы қаулыны өзгертуге бар-жоғы жарты-ақ сағат уақыт кетті.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров