«Мен тек өзімді дәлелдегім келді»: Мария Ауезова

Express Qazaqstan

instagram.com/mariya_auezova

Ол 5364 метр биіктіктегі Кала-Патхар тауын бағындырған. Астаналық келіншек өзінің альпинист емес екенін айтты. Бұл оның хоббиі. Бұған дейін Мария Бурабайдағы үш шыңды бағындырған. Ал, Эверестке барар жолдағы Кала-Патхар базалық лагеріне өз қорқынышын жеңу үшін шыққанын айып отыр. Бұл туралы Мария Azattyq Ruhy тілшісіне баяндап берді.

Эверестке сапар: мен тек өзімді дәлелдегім келді

"Көпшілік мені Эверест шыңын бағындырды деп айтып, жазып жүр. Олай емес, Эверест шыңы 9 шақырымға жуықтайды. Біз сол шыңға барар жолдағы Кала-Патхар базалық лагеріне дейін бардық. Ол 5364 метр биіктікте орналасқан.

Кәсіби альпинист емеспін, бірақ бұл менің сүйікті ісім. Бұған дейін Бурабайдағы "Жеке-батыр", "Лысая гора", "Синюха" тауларында шыңдарын бағындырғанмын. Биік шыңның басына шығып, табиғаттың керемет көрінісін өз көзіммен көру маған үлкен бақыт әкеледі. Бурабайға сапарымда тауға шығуды қаншалықты жақсы көретінімді түсінгендей болдым. Сол кезден бастап Эверестке баруды жоспарладық", — дейді Мария Ауезова.

Марияның айтуынша, Кала-Патхар тауына шығуға олардың 10 күн уақыты кеткен. Ауа температурасының төмендеуі мен жолда кездескен кедергілерге қарамастан шыңды бағындыру қолымнан келді дейді ол.

"Он күнге созылған сапарымның әр сағаты мен минуты түрлі қызықтарға толы болды. Тауға көтерілген алғашқы күні ауа жетіспеушілігі байқалды. Бірақ, жаттықтырушымның үлкен тәжірибесінің арқасында акклиматизациядан сәтті өттік. Соңына дейін жете алмаймын ба деген қорқыныш болды. Оның үстіне, таулы жерді білесіз, өткір тастар, шаң, құм мен жануарлардың тезегі — осының бәрі қиындық тудырды. Киімді жиі ауыстырып тұрдық. Себебі, өткір тастарға ілініп, жыртылып жатты. Кейбір жерлерде өзім өрмелесем, кей жерлерде арбамен, достарымның көмегімен көтерілдім. Айта берсем мұндай кедергілер көп болды. Десе де, нәтижеге жеткен уақытта барлығы бір сәтте ұмытылып кетті. Жолымызда кездескендердің бәрі таң қалып, қай елден екенімізді сұраумен болды. Қазақстаннан екенімді мақтанышпен айттым", — дейді Мария.

"Ерлік жасадым деп ойламаймын, бұл менің сүйікті ісім..."

instagram.com/mariya_auezova
instagram.com/mariya_auezova

Мария осыдан 6 жыл бұрын тамыр аурулары салдарынан ауыр дертке шалдығып, екі аяғынан айырылған. Бірақ бұл оның өз арманына жетуіне еш кедергі болмады. Гималайдағы биік шыңдардың бірін бағындырғанда мұны бүкіл Қазақстан біледі деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген.

"Шынымды айтсам барлық бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігемін деп мүлдем ойлаған жоқпын. Бәрі аяқ астынан болды. Өзімді ерлік жасадым деп санамаймын. Бұл менің өмірім, өз таңдауым. Бірақ көбі мені қолдап, жақсы тілек білдіріп, менің жасаған ісімнен мотивация алып жатқанына қуаныштымын.

Аяғымнан айырылғаныма 6 жылдай болып қалды. Тамыр аурулары кесірнен аяқтарымды толық кесуге тура келді. Әрине, алғашқыда қабылдау қиын болды. Күйзеліс те болды. Бірақ, біраз уақыт өткен соң өзіме келіп, жаңа болмысымды дәл осылай жақсы көруге, алға жылжыуға өзімді көп үгіттедім. Мағын бұл жолда отбасымның, достарымның қолдауы үлкен күш берді. Өзімнің сүйген ісіммен ешқандай кедергіге қарамастан айналысамын деп шештім. Бұл сапарым өзіме өзімді дәлелдеу болғандай. Барлық қорқынышымды жеңіп шықтым", — дейді Мария.

Ендігі мақсат — Эверест

Марияның Instagram-парақшасын ақтарып отырып, бұрыннан спортқа жақын болғанына куә болдық. Бұған дейін ол ауыр атлетикамен айналысып, пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған екен. Десе де, сол кезден-ақ оның тауға деген құмарлығы, биік шыңдарды бағындыру арманы болған.

"Мен Эверест шыңын ақыры бағындырамын. Екі аяғыма протез салдырып, сол шыңға қайта баруды жоспарлап отырмын. Қазір ұзақ сапардан кейін өзіме келуім керек, содан кейін көп күтпей әрекетімді бастаймын. Таулар, биік шыңдар маған өмір сүруге мотивация береді.

Қазақстанда мен секілді жағдайға түскен адамдар көп. Оларға айтарым, қандай жағдай болмасын, армандауды, сол арманға ұмтылуды тоқтатпау керек. Менің арманыма жетуіме жолдасым, жаттықтырушым және достарым көмектесті. Қолдау білдіріп жатқан барша халыққа алғысым шексіз", — дейді Мария Ауезова.

Кала-Патхар шыңын бағындыру үшін Мария 1,5 жылдай дайындалған. Ол қазір елордада өз үйінде, ағзасын жергілікті климатқа қайта үйретіп жатыр. Қалпына келгеннен кейін жаттығу залына барып, әлемдегі ең биік шың — Эверестті (8 849 метр) бағындыруға дайындығын бастамақ.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров