Елордада автономды дезинфекция жүйесі бар аялдама іске қосылды

Экспресс К

inform.kz

Елорданың Сарыарқа ауданындағы аялдамалардың біріне автономды дезинфекция жүйесі орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласы Сарырақа ауданының Қосшығұлұлы көшесіндегі жабық аялдамаға инновациялық жүйе орнатылды. Аялдама ішіндегі ауаны дезинфекциялайтын қондырғы сағатына 200 текше метр ауаны иондау арқылы вирустан қауіпсіз орта қалыптастырады. Идея авторлары жолаушыларға ыңғайлы болу үшін қондырғыны дыбыссыз режимде жұмыс істейтін етіп жасаған.

"Ақпан айынан бастап қаланың аудандық әкімдіктерімен бірге "Ақылды аудан" пилоттық жобасын қолға алған болатынбыз. Бізге жобаны жүзеге асыруға аумақтар ұсынды. Яғни, осы аумақтарда түрлі стартап жобаларды, технологиялық шешімдерді сынауға мүмкіндік жасалды. 17 сәуірде осы "Ақылды аудан" жобасының аясында өзіміз тұрған аялдамаға автоматты дезинфекция қондырғысын орнаттық", — дейді "Астана Innovations" Акционерлік қоғамының smart жобалар жетекшісі Асылбек Асанов.

Жоба авторлары ақылды жүйенің қоршаған ортаға қауіпсіз екенін айтады. Аялдама ауасын дезинфекциялап, баптау кезінде сыртқа озон шығарындысы бөлінбейді. Қондырғы 150 Вт электр қуатын тұтынып-ақ жұмыс істей береді. Акицонерлік қоғам өкілдері қондырғының қаншалықты тиімді екенін білу үшін дезинфекциялық шараларға жауапты органдармен бірлесіп сынақ жүргізбекші.

"Кеше ғана санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органымен келісімшарт жасадық. Мамандар келіп, ауа сынамаларын алып, біздің қондырғы аялдамадағы атмосфераны қаншалықты тазартқанын анықтайтын болады және оны қондырғы қойылмаған басқа жабық аялдамалардағы ауаның құрамымен салыстырады. Осы арқылы біздің инновациялық шешім қаншалықты тиімді екенін іс жүзінде тексерсек деп отырмыз. Шамамен 3 апта бойы күніне үш рет ауа сынамасын алып, қадағалаймыз", — деді жобаның технологиялық жетекшісі, идея авторларының бірі Руслан Еркетаев.

Жобаға жалпы жетекшілік еткен Диляра Төленова жабық аялдамалардағы эпидемиолоиялық қауіпсіздік мәселесімен күн сайын бетпе-бет келетінін айтады.

"Мен өзім астана тұрғынымын және автобустың қызметін жиі пайдаланамын. Жабық аялдамаларда автобус күтетін кезім жиі болады. Эпидемиологиялық жағдай құбылып тұрған кезеңде вирусты осы аялдамада тұрып-ақ жұқтыру қаупі бар. Өйткені ауасы үнемі тазартылып тұрмайды. Сондықтан қыстың суығында да оған кіруге қорқатынбыз. Осы қауіпті жою үшін IT-мамандармен бірге бүгінгі жобаны жасап шығардық. Қазіргі таңда ТМД бойынша мұндай технология жоқ. Өнім таза өзіміздікі, "Қазақстанда жасалған" деп сенімді айта аламыз", — дейді Диляра Төленова.

Сондай-ақ, аялдамада алаяқтық пен ұрлықты азайтуға мүмкіндік беретін қашықтан басқарылатын онлайн бақылау камерасы орнатылған. Ол да тәулік бойы, аптасына жеті күн үздіксіз жұмыс істейді.

"Пилоттық жоба 1-3 айдың аралығында болады. Одан кейін қаладағы барлық аялдамаларды жабдықтау жоспарланған. Әзірге қаржыландыру мәселесін Astana Innovations компаниясымен бірге талқылап жатырмыз. Сіздер көріп тұрғын аялдаманы өз қаражатымызға жабдықтадық. Бір қондырғының бағасы қосымша құн салығынсыз 983 мың теңге болады. Бағдарламалық қамтамасыз етуге бәрінен көп шығын кетті. Өйткені зияткерлік меншікті сатып алдық", — дейді Диляра Төленова.

Astana Innovations өкілі қондырғыны қаладағы барлық жабық аялдамаларға орнату мәселесі пилоттық жоба өз тиімділігін көрсеткен кезде қаралатынын айтты. "Қосшығұлұлы көшесіндегі аялдамада жақсы көрсеткіштер байқалса, елорданың қалған жабық аялдамаларында да жүйені орнату ұсынылады", — дейді Асылбек Асанов.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров