Еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 200-ден астам шенеунік қызметінен босатылды

Express Qazaqstan

regnum.ru

Өткен жылы еңбек заңнамасын бұзғаны үшін 200-ден астам шенеунік қызметінен босатылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына берілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Премьер-Министрдің орынбасары ұсынған анықтамалық деректерге сәйкес, мемлекеттік бақылау нәтижелерінде анықталған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың шамамен 28,8 пайызы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Мемлекеттік еңбек инспекторлары 2020 жылдың соңында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 2 096 заң бұзушылықты анықтады. Мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу фактілері бойынша 1 234 материалды құқық қорғау органдарына жіберді. Олар бойынша 173 қылмыстық іс қозғалды. Анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін қызметінен 207 лауазымды адам босатылды. Кәсіпорындарда еңбекті қорғау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу талаптарын қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыру үшін еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша 15 мыңнан астам өндірістік кеңес құрылды.

Кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша ішкі бақылауды қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестің құрамына кіретін 17 мыңнан астам техникалық инспектор жүзеге асырады. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты күйін жалпы бағалау және сертификаттау нәтижелері бойынша еңбекті қорғаудың кешенді шараларын өткізу мақсатында 2020 жылы 3 397 өндірістік объект сертификатталды. Жалпы, қабылданған іс-шаралар өндірістік жарақат деңгейінің төмендеуіне алып келді. Мәселен, соңғы 5 жыл ішінде (2016-2020 жылдары) өндірістік жарақаттану саны 10,7 пайызға (1 683 адамнан 1 503 адамға дейін) азайған, оның ішінде қайтыс болғандар саны 16,2 пайызға (248 адамнан 208 адамға дейін) төмендеген.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров