Елордадағы жеке секторда көлік жылдамдығына жаңа шектеу енгізілмек

Express Qazaqstan

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Елорданың тұрғын үй алаптарының жеке секторында көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын 40 км/сағатқа дейін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және апаттылықты төмендету мақсатында Полиция департаменті елорданың жеке секторының негізгі жолдарында (Ильинка, Үркер, Көктал, Агрогородок, Железнодорожный, Пригородный, Интернациональный, Күйгенжар, Мичурино) ең жоғары жылдамдықты 40 км/сағатқа дейін шектеу туралы мәселені қарастыруда.Сондай-ақ, тәжірибелік нұсқада жаяу жүргіншілер өтпесі — пандус пайдаланылмақ, яғни ол жақындаған көлік құралдарының жылдамдығын мәжбүрлеп төмендету үшін қолданылатын болады", — делінген хабарламада.

Полиция департаментінің мәліметінше, бұл іс-шаралар құқық бұзушылықтарға жол бермеуге және жол-көлік оқиғаларын алдын алуға, оның ішінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне әрі көлік жылдамдығы тәртібін орындауға байланысты қадамдарды іске асыруға мүмкіндік береді.

Жүргізілген талдауға сәйкес, 2020 жылдың 12 айында аталған тұрғын үй алаптарында 914 жол-көлік оқиғасы тіркелген, оның ішінде 900-ден астам адам түрлі дәрежедегі дене жарақатын алған.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров