SMS-хабарлама арқылы жолақы төлеу қызметі мамыр айынан бастап тоқтатылады

Express Qazaqstan

Әкімдіктің баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық көліктерінде 1 мамырдан бастап SMS-хабарлама арқылы жолақы төлеу қызметі тоқтайды,- деп хабарлайды "Экспресс К" елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Мұндай шешім ұялы байланыс операторлары қызметінің жиі істен шығуына байланысты тасымалдаушылардың сұрауы бойынша қабылданды.

2505 қысқа нөміріне SMS-төлем жасау — жол жүрудің баламалы төлем түрлерінің бірі. Негізгі әдіс — көлік картасы және қолма-қол ақша арқылы төлеу. Жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеу қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің енгізген карантиндік шараларына байланысты қолданылмайды.

Бүгінгі күні жол ақысын көлік картасымен, сондай-ақ QR-код арқылы төлеуге болады. Ол үшін келесі мобильді қосымшаларды қолданылады: Transcard, Kaspi.kz, SMSBUS, Homebank, My Activ, My Beeline, Senim, Рахмет, Astra Bus, Plus24 (Касса24), Qiwi және OYBY.

Нұр-Сұлтан қаласында SMS жолдау арқылы қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу сервисі 2018 жылы енгізілген. Сервиске барлық ұялы операторлар (Activ/Kcell, Beeline, Altel, Tele2) және QR кодының көмегімен жасалатын төлем қосылған. 2018-2021 жылдар аралығында қоғамдық көлікте SMS және QR-код арқылы төлеу елорданың жалпы жолаушылар легіне шаққандағы сан төмендегідей:

— 2018 жылы — QR 0,6%; SMS үлесі 0,4%;

— 2019 жылы — QR 3,2%; SMS үлесі 5,8%;

— 2020 жылы — QR 15,6%; SMS үлесі 12,4%;

— 2021 жылы — QR 29%, оның ішінде SMS үлесі 12%-ды ғана құрайды.

Мәслихаттың № 167/21-VI шешіміне сәйкес қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден босату түріндегі әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына тиесілі: Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлерге, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толған, жасына байланысты және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға, көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға, мүгедектерге, 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға, оның ішінде ата-анасының (заңды өкілдерінің) біреуіне.

Сонымен қатар, елорда әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша жеке мектеп көлік картасымен валидацияланған жағдайда елорданың оқу орындарының және қызмет көрсетілетін қала маңы аймақтарының оқушыларына 7 жастан 18 жасқа дейін тегін жол жүру мүмкіндігі берілді.

2021 жылдың басынан бері жалпы жолаушылар ағыны 42 396 276 құрады. Күніне орта есеппен олардың саны — 403 600.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров