Сексен бестегі еңбек ардагері әлі де тың

Express Qazaqstan

Мунсызбай Бекеев

Биыл 85 жасқа келген еңбек ардагері Мұңсызбай Бекеев әлі де тың. Ол күнде таңертең жұмысына асығып барады әрі өзін өте сергек сезінеді.

Мұңсызбай Бекеев — ERG құрамына енетін "Қазхром" ТҰК" АҚ бөлімшесі — Дөң тау-кен байыту комбинатының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Оның аты-жөні ауданның Алтын құрмет кітабына енгізілген. Ардагердің сергек жүруінің құпиясы — қазіргі өмірге деген керемет қызығушылығында. Бұрнағы жылдардағы көп нәрсе де есінде қалған. Ол қалың фотоальбомды көрсетіп отыр. Мұнда достарының, әріптестері мен туыстарының суреттері бар. Мына бір фотода Кавказ табиғатының аясында, достарының арасында шляпа киген келісті бір азамат отыр. Ол — әкесі.

— Әкем 1938 жылдан бастап кен басқармасында істеді. Жолдастарымен бірге "Гигант" карьерін ашқан, — дейді Мұңсызбай Бекеев. — Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері.

Мұңсызбай Қабиұлы мектепті 1953 жылы бітіріп, сосын Саратов құрылыс техникумына түскен. Кейін Науайы атындағы Ташкент политехника институтында оқиды. Ол 1958 жылдан 1972 жылға дейін Дөң тау-кен байыту камбинаты күрделі құрылыс бөлімінің жобалаушы инженері, техникалық қадағалау аға инженері болып істеген. Кейін аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы күрделі жөндеу бөлімінің бас инженері болды. 1965 жылдан 1967 жылға дейін Дөң арнаулы басқармасының бас инженері қызметін атқарды.

Ол неге құрылыс саласын таңдады? Бұл сұраққа "Коммунизм құрылысшысы болғым келіп еді, бірақ коммунизмді орната алмадым" деп қалжыңмен жауап қайтарады. Есесіне ол Хромтау құрылысына қатысқан.

Кезінде Бөкеев күрделі құрылыс бөліміне жас маман ретінде келген. Мұнда штат үлкен емес-тін. Бөлімде бастық Василий Бобылев, экономист Валентина Никандрова, прораб Леонид Квиль және машинка терімшісі Марья Салдаева бар. Леонид Квиль оның ұстазы болған.

— Мен ол кезде жобалаушы болдым. Ол мені осы іске үйретті, — дейді сұхбаттасушымыз. — 1958 жылы қонақ үй өртенді. Қазір оның орнында Сбербанк ғимараты тұр. Соның алдыңғы жағының жобасын жасадым. Оқуды бітіре салып келгенмін. Студент кезде курс жұмысын жасайтынбыз. Ал тәжірибе жүзінде өлшеп, сызуды маған Леонид Николаевич үйретті. Кейін Бекеев техникалық қадағалау аға инженері болып істеді.

— Бірінші уату-байыту фабрикасын комиссияға тапсырғанға дейін қадағалап отырдым, — деп еске алады ол. — Сонымен қатар химиялық зертхана, гараж, 200 автокөлік, орталық қазандық, орталық жөндеу-механикалық шеберханасы менің қарамағымда болды. Ең қиын нысан бірінші уату-байыту фабрикасы еді. Оны қыста тұрғыздақ. Мені жұмыс бабымен түнгі сағат екіде оятып алатын кездер болды.

Өткен күндерін жылылықпен еске алады. Бәрі дерлік, яғни ондаған жыл бұрын келген қонақтардан бастап азық-түлік бағасына дейін есінде қалған. Кезінде әріптесі болған жұбайы Рәзия Абдулқызымен бірге 48 жыл тұрып, үш баланы бағып-қағып өсірді. Бір ұлы Марал Бекеев Дөң тау-кен байыту комбинатында істеп, оның директоры болған.

Мұңсызбай Бекеев жүректің жас боп қалуы қаншалықты маңызды екенін өзі үлгі қылып көрсетіп жүр. Бұл оның қолынан келеді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров