Жерді шетелдіктерге сатуға қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды

Express Qazaqstan

pixabay.com

Ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге заңмен тыйым салынады Бүгін Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады,м - деп хабарлайды "Экспресс К"

Жер мәселесі қоғамда қызу талқыланған күн тәртібіндегі өзекті проблемалардың бірі. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық сөзіне құлақ асып, аталған мәселені шешудің нақты жолын ұсынды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы өзінің заң шығаруға бастамашы болу құқығын пайдаланып, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын Заң жобасын Парламенттің қарауына жолдады.

Парламенттің екі Палатасы да бұл құжат бойынша ауқымды жұмыс атқарып, оны жан-жақты қарады. Заң жобасын талқылауға жұртшылық, сарапшылар және ғалымдар да белсенді түрде қатысты.

Бүгін Сенат аталған заң жобасын қарап, құжаттың негізгі тұжырымын мақұлдады. Алайда, талқылау барысында оған өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Соған байланысты Палата отырысында заң жобасын Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылданды.

"Жер — халқымыздың ең басты қазынасы, қастерлі тәуелсіздігіміздің белгісі. Сондықтан жер мәселесі қашанда стратегиялық маңызға ие. Осы заң жобасына сәйкес, бұдан былай шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, қандастарға ауылшаруашылық мақсатындағы жер учаскелері сатылмайды, әрі жалға берілмейді. Жобада Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының мүшесі немесе акционері болып табылатын тұлғаның Қазақстан азаматтығы тоқтатылған жағдайда ауыл шаруашылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімі де қарастырылған. Жалпы, бұл заң жобасы, ең алдымен, халқымыздың және мемлекетіміздің мүдделерін қорғайды", — деді Сенат Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров.

Осы Заң қабылданғаннан кейін де елімізде жер мәселелерін заңнамалық реттеуді жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Таяуда ғана арнайы құрылған Жер комиссиясы өз жұмысын аяқтағаны белгілі. Оның құрамына бес бірдей Сенат депутаты мүше болғанын айта кеткен жөн. Комиссияның отырыстары кезінде бұл саладағы заңнамаларды жетілдіруге қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Соған сәйкес, қазіргі таңда Үкімет жерді пайдалануға қатысты заңнамалық түзетулер топтамасын әзірлеуде. Соның нәтижесінде алдағы уақытта тиісті заң жобасы Парламентке келіп түседі.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров