Басқалардың телефонынан қоңырау шалуға тыйым салынады

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бүгін сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдады.

Бұл құжат микроқаржылық және коллекторлық қызметті іске асырудың құқықтық базасын жетілдіруді көздейді. Енді осы заңға сәйкес коллекторларға басқа адамдардың телефон нөмірлерінен қоңырау шалуға тыйым салынады және олар борышкерлермен арадағы кез келген іс-әрекет кезінде видео және аудиофиксация жүргізуге міндетті болады.

Сонымен қатар, несие тарихы нашар адамдар енді аса қажет болған жағдайда несие ала алады. Егер бұрын ондай тарихты сақтау мерзімі 10 жыл болса, бүгінде қабылданған түзетулерге сәйкес бұл мерзім 5 жылға дейін қысқарады.

"Азаматтардың несие тарихын сақтау мерзімі де маңызды мәселе болып отыр. Банктер өткен 10 жылда қарыз төлемдерінің мерзімін өткізіп алған адамдарға кредит беруден бас тартады. Несие тарихын сақтау мерзімі 10 жылдан 5 жылға дейін қысқарғанда біздегі 490 мыңға жуық отандастарымыз қажет болған жағдайда банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға мүмкіндік алады", — деді сенатор Ольга Перепечина.

Заңда банк қарыздары мен микрокредиттер бойынша проблемалы берешектерді сотқа дейін реттеу тетіктері де жетілдірілді. Енді мерзімі өткен кредиттер бойынша берешекті реттеудің бірыңғай құқықтық тәртібі көзделіп отыр, ол банктердің қарыздарына ғана емес, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарының кредиттеріне де қолданылады. Сондай-ақ қарыз алушылардың кредиторларға өтініштерін қарау мерзімі 180 күннен 90 күнге дейін қысқартылды.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров