Қ. Тоқаев қырғыз-тәжік шекарасындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады

Express Qazaqstan

ҚР Президентінің баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз-тәжік мемлекеттік шекарасындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Экспресс К» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қырғызстан мен Тәжікстанның мемлекеттік шекарасындағы қарулы қақтығыс туралы ақпаратты асқан алаңдаушылықпен қабылдадым. Қырғыз бен тәжік халықтары біздің бауырларымыз, тарихымыз бен мәдени құндылықтарымыз ортақ.

Біздің мемлекеттеріміз бен халықтарымызға бейбітсүйгіштік, төзімділік пен өзара сыйластық тән. Қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімді және екі мемлекеттің уәкілетті өкілдері арасында келіссөздердің басталғанын қолдаймын.

Қырғызстан мен Тәжікстан басшылығы даналық танытып, барлық даулы мәселелерді тек қана бейбіт жолмен шешетініне сенімдімін. Өз тарапымнан мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастыруға және өзара сенімді қайта қалпына келтіруге күш салуға дайынмын.

Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті консультативтік кездесуі аясында мұндай шекаралық қақтығыстарды реттеудің тетіктерін қарастыру қажет деп санаймын", деді Президент өзінің мәлімдемесінде.

Еске салсақ, 28 сәуір күні Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында екі жақтың тұрғындары өзара келіспей, қақтығыс басталды. Жергілікті Баткен ауданының "Головной" елді мекенінде жағдай шиеленісе түсті. Қырғыз тарапы қақтығыс аймағынан 848 адам көшірілгенін мәлімдеді.

29 сәуірде сағат 20:00-ден бастап Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтату туралы келісімге келді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров