Шетелдегі қазақ жастары Қазақстанда қалай оқиды?

Жарас КЕМЕЛЖАН

©ЭК/Андрей ХАЛИН

Кеше өткен жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Депутаттың сөзінше, шекараның арғы бетіндегі мыңдаған балаларымыз оқуын жалғастыруға Атамекенге қол созып тұр. Ал қол ұшын беруі тиіс біздің Білім министрлігі пандемия кезінде, шекаралар шегендеулі кезде Қазақстанға келіп, Ұлттық Бірыңғай Тест тапсыруларың керек деп тепсініп тұр.

Сауалнамада: "15 сәуір күні Ұлттық тестілеу орталығының ресми парақшаларында жариаланған қандастарға арналған постына назар аударсақ, ағымдағы жылғы ҰБТ-ны офлайн форматта Қазақстанға келіп тапсырады делінген. Құжат қабылдау 15 сәуірден бастап ҰБТ-ның бірінші мүмкіндігіне тіркелуге болады, 1 мамырдан бастап екінші мүмкіндікке тіркелу басталады. Тестілеудің өзі 25 сәуірден 30 маусым аралығы, тестілеу құны 2242 теңге деп көрсетілген. Әлемнің көп елдерінде шекараның жабық екендігін ескерсек, пандемияның келесі толқындарының күштілігін байқасақ шекараның маусым айына дейін ашылмайтыны белгілі. Яғни біз Атамекенде білім алам деген қандастарымызды оқуға қабылдай алмай қалуымыз мүмкін. Ал біздің 2020-2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасының 3.12 тармақшасында қандастарға барынша жан-жақты қолдау көрсетілуі туралы айтылған (шет елдерде қазақ қауымдары шоғырланып тұратын жерлерде қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға, олардың тарихи Отанымен байланысын сақтауына, оның ішінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және "Отандастар" қоры арқылы қолдау көрсету). Шетелдегі қандастарды Қазақстанға шақырудың бірегей жолы ол — атамекенде тегін білім алуға мүмкіндік жасау. Сол себепті, соңғы өткен құрылтайда Елбасы шетелдегі қазақ балаларының Қазақстанда білім алуына жағдай жасауда қандастарға бөлінетін квотаны 2 есе көбейту (2%-дан 4%-ға дейін) туралы тапсырма берген болатын. Алайда бұл гранттар ешқашан толық игерілген емес. Басты себептің бірі — қандас талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыра алмауы. Жоғары оқу орындарының "дайындық бөлімдеріндегі" 9 ай дайындалуы, олардың 11 жылдық қазақстандық мектеп бағдарламасын игеруге жеткіліксіз. Мысалы 2020 жылы 2022 қандасымыз Қазақстанға оқуға талаптанып нәтижесінде 930 қандасымыз ғана оқуға мүмкіндік алды. Жоғарыда айтылған проблемалар қандастардың оқуға түсу мүмкіндігін шектеп тұр. Не үшін Атамекенде оқуға ниет білдірген барлық қандастарды қабылдап алмасқа?", — дейді.

Көршілес Ресей барлық ТМД елдеріне бөлінетін грантының санын 2024 жылға дейін 30 мыңға көтеруді жоспарлап отыр. Оның ішінде Қазақстанға бөлінетін грант саны 1 орында тұр. Ал біз оқуға келемін деп отырған өз бауырларымызға өзіміз кедергі болып отырмыз. Осындай саясатың бір дәлелі — қандастарға деген көшіп келу квотасының 100 мыңнан 100 есеге дейін — 1,5 мыңға дейін азаюы.

Қазыбек Иса: "Бүгінде осындай бір үлкен кедергі болып отырған мәселе ол шекараның ар жағында қалған қандастарымызға оқуға қабылдауды қиындатуы. Яғни шекараның жабық екенін көре тұра оларға Қазақстан аумағына келіп тест тапсырасыздар деп талап қою. Бұны әйгілі мысалдағы түлкінің тырнаны қонаққа шақырып, асты жайпақ ыдысқа құйып беруімен бірдей мазақ деуге болады. Тағы бір түсінуге келмейтін жағдай ол 2020 жылы мыңға жуық қандасымыз дайындық курстарында түсіп онлайн түрде оқыды. Оқуға мемлекеттік қаржы бөлінді. Ал енді сол балалар ҰБТ тапсырып ЖОО түсу керек.Олардың 90% шет мемлекеттерде, Моңғолия, Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан т.б. Енді олар пандемия тосқауылында қалай Қазақстанға келіп ҰБТ тапсырады? Сонда мемлекет қаржы бөліп, оқытып жарты жолда тастап кете ме? Пандемия кезінде барлық елдерде әлеуметтік жағдайы төмендеп кетті. Осыныда ескеру керек. Өйткені қазіргі уақытта бір мемлекеттен екінші мемлекетке барып келуі оңай емес, арнайы рұқсат алу керек, ПЦР тест тапсыру керек, қаражат шығыны көп. Көрші ел Қытайда болып жатқан мәселе өздеріңізге мәлім. 2019 жылы оқуға 50-ге жуық қана бала келе алды. Қазір 300-ге жуық бала келуі ықтимал. Ал енді Қытайдан алып келуі мүмкін болған жағдайда да, біздің тарап келуге кедергі жасайтыны анық. 2020 жылы пандемияның ең қиын кезеңінде қандас талапкерлердің талабын қолдай отырып, Ұлттық біріңғай тестілеуді тегін түрде онлайн форматта өткізіп, 1 мыңға жуық қандасымызды мемлекеттік грантпен оқуға қабылдады. Бұл енді оң тәжірибенің бар екендігін көрсетеді. Биыл да пандемия жалғасуда, шекаралар ашылмаған. Не үшін осы жылы сол былтырғы тәжірибемен ҰБТ-ны онлайн қабылдамасқа?", –деп сұрады.

Биылғы жылы жасалған тестілеу тапсыру талаптары мен ережелеріне жақсы өзгерістер еңгізілгені рас. Бірақ тестілеу жеке оқу орталығында тапсырылуда. Ол Тестілеу орталығының мекемесі ме, қожайыны кім екені белгісіз. (Бейресми ақпарат бойынша "Ustudy" жеке оқу орталығы болып табылады. Бұл ұйым бүкіл Қазақстанда ҰБТ өткізеді. Табыс тауып отырған коммерциялық ұйым). Сонда қандас бауырларымыздың тағдыры бір комерциялық ұйымның пайда көздеген шешіміне тәуелді болып отыр ма?!

Депутат осы мәселелердің барлығын ескере отыра, шекара ашылмаған жағдайда, ҰБТ тапсырудың басқа да жолдарын қарастыруды сұрайды:

1. ҰБТ талаптарын қандастарға жеңілдету;

2. Қандастар тұрып жатқан мемлекеттерге барып қабылдау;

3. Елшіліктердің ғимаратарында ұйымдастыру;

4. Қандастарға ҰБТ-ны 2020 жылғы тәжірибені Іске асырып, онлайн қабылдау.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров