Қала маңына блок бекеттер қойылды

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін сенбіден бастап блок бекеттер қойылды, деп хабарлады өңірлік "Мой Город" басылымы.

Батыс Қазақстан облысы бір айдан астам уақыттан бері вирустың таралуы бойынша "қызыл" аймақта тұрғандықтан өңірдің бас санитар дәрігері осындай шешім қабылдады. Нақты айтқанда 1 мамырдан бастап Орал қаласына, сонымен қатар Ақжайық, Бөрлі, Қазталов, Теректі, Бәйтерек және Шыңғырлау аудандарына кіріп-шығу шектеліп отыр.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері рұқсат құжаттары мен stopcоvid.kz сайтында тіркеудің бар-жоғын тексеріп жатыр. Полицейлердің айтуынша, олар 12 сағаттан блок бекетте кезекшілік атқарады.

"Жалпы жағдай тұрақты, адамдар бұл мәселеге түсіністікпен қарап жатыр. Ешқандай наразылық білдіру тұрғындар арасында болып жатқан жоқ", — дейді полиция өкілдері.

Егер азаматтардың қолында анықтама болмаса және stopcоvid.kz сайтында тіркелмесе, олар 109-ға хабарласа алады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров