Бір ауылда 6 бірдей жеке тұрғын үй өртеніп кетті

Экспресс К

inform.kz

Солтүстік Қазақстан облысындағы Желяково елді мекенінде өрт шығып, үш тұрғын үй, үш бос тұрған үй және қора-қопсы жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 мамыр сағат 13.24-те 101 нөміріне Қызылжар ауданындағы Желяково елді мекенінде қураған шөп өртеніп, дауылдың салдарынан оның ауылға кіргені жайында хабарлама түседі. Ауылға жақын орналасқан өрт сөндіру бөлімшесі 30 км қашықтықта, ал аудан орталығына дейін 91 км болған. Сондықтан алғашқы өрт сөндірушілер тек жарты сағаттан кейін ғана жеткен.

Өрт сөндіруге үш өрт сөндіру бөлімшесінің мамандары және жергілікті атқарушы органнан — 50 адам және 15 техника жұмылдырылды. Сол күні күші секундына 28 метрге дейін жеткен дауыл олардың жұмысын қиындата түсті. Салдарынан 3 тұрғын үй, 3 бос тұрған үй және аумағы 501 шаршы метр болатын шаруашылық нысаны жанып кетті.

Өрт тек сағат 20.25 минут кеткенде толық сөндірілді. Қаза тапқандар жоқ. Алдын ала болжам бойынша, отты абайсыз қолдану себеп, белгісіз біреулер қураған шөпті өртеген. СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы Желяково елді мекенінде 51 тұрғын үй бар, 128 адам тұрады. Үйлері жанып кеткендер туған-туыстарын паналады. Қазір ауылда Қызылжар ауданы әкімдігі мен мәслихатының өкілдері жұмыс істеп жатыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров