Сырдария суалып барады

Жарас КЕМЕЛЖАН

qazaqstan.tv

Сырдария тартылған үстіне тартылып барады. Су тапшылығы аймақтың онсыз да мәз емес эко-жүйесіне де, ауыл шаруашылығына да кері әсер етеді. Бұл туралы Қазақстан телеарнасы хабарлады.

Өзен суы көлдерге де жетпей жатыр. Облыстағы ең үлкен Қамбаш көлі жағалаудан 500 метрге дейін алыстап кеткен. Ал биыл құрғақшылық болатынын министр Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев өткенде түркістандық мақташылармен кездескенде айтқан. Негізі қызылордалық күрішшілер судан былтыр да қиналған. Өткен күзде облыс әкімі Г.Әбдіқалықова күнде таңертеңгі жұмысы осы мәселе болғанын бізге берген сұхбатында айтқан.

Мәселе ушыға берсе, қалай болады. Сыр-ананың тартылғанын ойлаудың өзі шошытады. Кезінде айдынында балығы тулап, шағаласы шулаған бұрынғы Қамбаш көлінің табаны. Соңғы үш жылда Сырдарияның алабындағы ең ірі көлге су жетпей, аңқасы кеуіп, құрып барады. Суы шипалы, табиғаты ерекше алып көл бұрынғы жағалауынан қазір 600 метрге дейін тартылып қалған. Ұшы-қиыры көрінбейтін үлкен айдынның суы бірнеше бөлікке ыдырап, ұсақталып барады. Көлмен бірге маңындағы ауылдардың тыныс-тіршілігі де тарылып, тұрғындардың жағдайы қиындай түскен.

Қамыстыбас ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрділдә Алтауов "Экологиялық жағдай өте нашарлап бара жатыр. Мына су деген өте ашып кетті. Малдардың өзі су ішпейді. Өйткені, ащы. Мына біздің жер дауылды, жауыны жоқ жер. Құм суырады. Ауылды шаң басады. Онсыз да Аралдың шаңы жетіп жатыр ғой өздеріңіз білесіздер" — деп күйінеді.

Қамбаш туризмнің төріне айналып еді. Жыл сайын көлге алыс-жақыннан 100 мыңға жуық адам келіп, суға шомылып жағалауында демалатын. Ал Қамыстыбас ауылының тұрғындары демалушыларға сервистік қызмет көрсетіп, осы жерден нәпақасын тауып келді. Бірақ, су кеткелі кәсіпкерлердің жұмысы тоқтады. Жағалаудан салынған 30-ға жуық нысан үш жыл болды қаңырап тұр. Кәсіпкер Құралай Жақыпова: "Қаншама қаражытымызды құйып, осындай үйлер салып, адамдарға жағдай жасап демалыс орындарын аштық. Енді мынадай жағдай болып тұрған соң көлге ешқандай демалушы келмейді. Кешке қарай өздеріңз келсеңіздер тыныстау да мүмкін емес болып бара жатыр. Көлден сасыған ауаның бөлінуі ауыл халқының тұрғындарына үлкен зиянын тигізіп отыр" — деп, ауыл туризмінің жайын жайып салды.

Бұрын көлдің айналасы қалың қамыс болатын. Мұндағы жұрт содан малына азық жинап келді. Соңғы жылдары айналада төрт-түлікке беретін шөп те қалмады дейді қиналған қараша.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров