Сарапшы: дағдарыс бітіп, әлем қайтадан қалпына келтіру кезеңін бастап кетті

Express Qazaqstan

© Reuters

Қазақстан пандемиядан кейін экономикалық жағынан қалай тез көтеріле алады? Бұл жерде қандай қиындықтар болуы мүмкін? «ЭК» сұрақтарына Еуразия тұрақтандыру және даму қоры мен Еуразия даму банкінің бас экономисі Евгений Винокуров жауап береді.

— Әлем экономикасы соншама ұзақ әрі өзгеше дағдарыстан кейін қалай қалпына келмек?

— Мен бұлай бағалауға келіспес едім. Біз бірнеше дағдарыстан өтіп үлгердік. Ол әлем экономикасында 10 жыл сайын болып тұрады. Оған әртүрлі жағдайлар әсер етуі мүмкін. Мысалы, қаржы саласындағы түбегейлі өзгеріс, құнды қағаздардың құлдырауы. Ал бұл жолы дағдарысқа медициналық фактор — пандемия әсер етті. Иә, қазір кейбір елдерде осы індеттің үшінші толқыны басталып кетті. Бірақ мен экономист ретінде алдағы айларды бағамдап, әлемде қайта қалпына келтіру кезеңі басталды деп айта аламын. Бұл сырт көзге онша байқалмайды. Алайда статистикадан жағымды жағдайды анық көруге болады.

— Мынауыңыз керемет жаңалық! Бұл не нәрсеге негізделген?

— Ең алдымен өңдеуші өнеркәсіптегі дағдарыстың өткен жылдың желтоқсанында әлсірегенін айта кетейін. Иә, қызметтер мен еңбек нарығының біраз бөлігінде сәтсіздіктер әлі де бар. Әсіресе, бұл үнемі қозғалыста болатын салалар — әуе тасымалында, трансшекаралық еңбек миграциясы мен туризмде байқалады. Жалпы экономиканың түзелу қарқыны солардың жағдайына байланысты. Десе де, экономикадағы түзелу әлден-ақ көрініп тұр. Бұны озық индикаторлар — энергия тұтыну мен жүк тасымалының көлемінен де байқай аламыз. Олар өсіп жатыр. Яғни өсу тетігі іске қосылып қойған.

— Ал осы үдеріс еуразиялық интеграциялық жобаға қалай әсер етуі мүмкін?

— Жақында Еуразия даму банкі (ЕАДБ) Еуразия экономикалық одағының алты еліне қатысты макроболжамын жариялады. Онда біз үш сценарийді атадық. Яғни базалықтан бөлек, тәуекелшіл және оптимистік болжамдар бар. Тәуекелшіл сценарий бойынша пандемияның ұзақ жүреді, одан жәйлап шығамыз, мұнай бағасының орташа жылдық деңгейі барреліне 45 доллар болады деп отырмыз. Бұл — қатаң болжам. Бірақ соның өзінде Қазақстан мен Ресейде өсу байқалуы тиіс. Қазақстан 2 пайыздан сәл артық, Ресей сол 2 пайыздан сәл төмен көтеріледі. Ал базалық сценарий бойынша біздің елдің ішкі жиынтық өнімі 4 пайызға, солтүстік көршіміздікі 3,3 пайызға артады. Оптимистік болжам жоғары қарқынмен қалыпқа келуді қарастырады. Оның жүзеге аса қоюы қиын. Бұл сценарий бойынша вакцинация тез жүргізілуі, жағдай толық қалпына келуі, мұнайдың баррелі 70 доллар болуы тиіс. Базалық сценарийде экономиканың көбірек зардап шеккен салаларының жазда қалпына келтіріле бастауы, мұнай бағасының 58 доллар болуы қарастырылған. Бұл — әсіресе, активтер инфляциясына байланысты орындалуы мүмкін болжам

— Инфляцияның өсуі қалайша оң әсер беруі мүмкін?

— Қараңызшы, әлемде бір жыл бойғы дағдарыс кезінде биржалық тауарлар мен азық-түлік бағасы 24 пайызға көтерілді. Бұл — 2013 жылдан бері болмаған жағдай! Өндіріс металдарының құны 2011 жылдан бері болмаған деңгейге жетті. Газ қымбаттады. Мұнай да оған ілесіп, былтырғы қаңтар айындағы деңгейіне жетті. Бұған Қытайдың тез аяғынан тұрып кетуі ғана емес, ең алдымен барлық алып елдердің орталық банктерінің өте жеңіл ақша-несие саясаты әсер етіп отыр. .

— Әйгілі қаржыгерлердің тілімен бейнелеп айтқанда, "тікұшақтан тасталған" ақшаның әсері ме?

— Иә. Әлемдегі аса ірі қаржы реттеушілердің мұндай саясаты біздер, яғни Еуразия кеңістігіндегі елдер үшін өте тиімді. Өйткені біздің аймақ шикізаттар мен жартылай шикізаттарды сыртқа шығарушы болып отыр. Олар — мұнай, газ, өндірістік және бағалы металдар, тыңайтқыш, түрлі азық-түлік. Жоғарыда айтқанымдай, бұлардың бағасы қатты өсіп жатыр. Егер ең төменгі пайыздық мөлшерлемеге қатысты жағдай келесі жылдың соңына дейін созылса, бізге активтердің инфляциясы үлкен көмек болады.

— Бірақ, екінші жағынан, бұл бізге соққы болады ғой. Өйткені біздің елдер көп затты импортпен алады. Ал импорт қымбаттап жатыр.

–Иә. Бірақ біз саудадан пайда көріп отырмыз. Сатып алғаннан гөрі сатқанымыз көп. Оған қоса ипортты өз тауарларымызбен алмастыру көбейді. Азық-түлік және тұтыну тауарлары бойынша импортқа тәуелділік азайып жатыр. Әрине, инфляцияның өсуіне қатысты алаңдаушылық білдіруге негіз бар. Егер ақша бақылаусыз, көп көлемде басып шығарыла берсе, оның құнсызданатыны анық. Бұдан не шығатыны ақырына дейін түсінікті емес. Бірақ 2021 жылдың екінші жартысында инфляция басылуы тиіс. Ол осы жылдың алғашқы екі тоқсанында көп жағдайда Қытайдың серіктестерімен жүк айналымы барысында контейнерлердің тапшы болғаны сияқты әлемдік сауда тізбегінің үзілуіне байланысты өсіп отырды. Әлем бойынша осындай мыңдаған тізбекке нұқсан келді. Сондай-ақ, азық-түлік бағасының өсуі де тұтыну инфляциясына әжептәуір әсер етті.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров