Маңғыстау облысы

Маңғыстауда бүтін бір ауыл газға тұншығып отыр

Диас АЛТАЙ

ktk.kz

Маңғыстау облысындағы Мұнайлы ауданының тұрғындары газға уланып отырмыз деп шу шығарды. Айтуларынша, ірі газ таратушы компания мал жайылатын жерге құбыр арқылы көгілдір отын қалдығын төгеді деп хабарлайды КТК телеарнасы. Салдарынан будақтаған қою қара түтін ауаны ластап, жұрттың үрейін ұшыратын көрінеді. Үш жылдан бері тынысты тарылды деген жұрт қалдық төгуге қарсылық білдіруде.

-"Тек қана бізге емес. Мына жерде Қызылтөбе, Маңғышлақ, Ақтау барлық жаққа кетіп жатыр бұл жердің газы. Күнде жібереді"-дейді тұрғындар. Халық арасында "Разъезд р" деп аталып кеткен бұл жердегі күнделікті көрініс осы дейді Қалижан Исатаев. Айнала қап-қара түтінге оранып, жағымсыз иіс ауаны ластайды. Бұған себеп, құбырдан күніне екі рет жіберілетін газ қалдығы екен. Тіпті, жердегі жасыл жусанға дейін түсі өзгеріп шығып жатыр, дейді тұрғындар.

-"Жусанды көріп тұрсыздар ғой қап-қара болып тұрғанын. Жусаннан басқа бұл жерде мал жейтін ештеңе жоқ. Адам да мал да демала алмай қалады. Малдар да жөтеліп қалады. Бұл жерде Батырға да, Ақтауға да, Маңғышлаққа да бәріне де қатысы бар. Неге десеңіз кешке жел болмай қалған жағдайда ауада газдың иісі шығып тұрады"-деп ашынды ауыл тұрғыны Қалижан Исатаев.

Ал, "Еңбек" шаруа қожалығының иесі Есенмұрат Селиков: "Экологтар келіп тексеріп, мына жерді тазаласын. Адам баласына зиян. Халыққа зиян. Тек малға зиян дейміз мысалы малдың етін жеп, сүтін ішеміз. Бәрі зиян болады ғой"-дейді.

Бұл жер Мұнайлы ауданындағы Батыр, Қызылтөбе ауылымен қоса Ақтау қаласымен де шектеседі. Сондықтан зияны ауа арқылы барлығына тиіп жатыр, дейді жиналғандар. Ал, облыстық экология департаменті үш жылдан бері ауаны ластап келген компанияны енді ғана тексеріп жатырмыз дейді.

-"Газдың ауаға таралуы бойынша "ҚазТрансгаз аймақ" мекемесіне жоспардан тыс тексеріс ашылды. Енді тексеріс қорытындысы бойынша бұл "ҚазТрансгаз аймақтың" құбырындағы ластаушы заттардың шығындыларын тоқтататын болармыз. Айыппұл мөлшерін есептеп қосымша хабарланады"-деді, Маңғыстау облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Ержан Жұмашев.

Ал ауа мен топырақтың құрамынан алынған сараптама қорытындысы тек бір аптадан кейін шығады. Газ қалдығын төккен компанияға қандай шара қабылданатыны да сол кезде белгілі болмақ. Сондықтан тынысы тарылған тұрғындардың әлі де көгілдір отын иісімен демалудан басқа амал жоқ.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров