Ойыл өзені экологиялық апат алдында тұр

Express Qazaqstan

© Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

Табиғат жанашыры Президентке ашық хат жазды, деп хабарлайды «Экспресс К». Себебі, Ақтөбе мен Атырау облыстарының аумағымен өтетін Ойыл өзені экологиялық апат алдында тұр. Өзен жылдан жылға тартылып барады.

Өзеннің тартылуы Ақтөбенің Ойыл ауданы мен Атырау облысының Қызылқоға ауданының халқына ауыр тиіп отыр. Өзеннің Қызылқоға жағындағы арнасы мүлде тартылып, құрғап кеткен. Тұрғындар ауызсу мен мал суаратын суға зәру. Балық қырылып қалған. Өзен бойындағы жеке қожалықтар өз шаруашылықтары үшін өзенге құятын салаларды заңсыз бөгеп, бұлақтарды бітеп тастаған.

© Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ
© Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

Былтырдан бастап екі ауданның азаматтары топ құрып, өзеннің тартылу себебін зерттеп жүр. Бірнеше рет аудан әкімдіктерінің қолдауымен экспедициялар ұйымдастырылып, С.Бәйішев атындағы және Х.Досмұхамбетов атындағы университеттерде конференциялар өткізілді. Осы шаруалардың басы-қасында жүрген қызылқоғалық азамат, Ойыл өзенінің жанашыры Есенбай Нұров өзеннің тартылуына әкелген үш себепті айтып берді. Біріншісі, Ойылға келіп құятын салалар мен бұлақтардың бастауларындағы бөгеттер.

Екіншісі -өзеннің қамыс-қоғадан тазартылмауы. Үшіншісі- бұлақ көздерінің бітелуі. Екі өңірдің азаматтары экспедиция кезінде өзеннің қай жеріне қандай бөгет қойылғанын, қанша бөгет, қанша шаруашылықтар бар екенін зерттеген. Бейнетаспаға түсіріп, мәліметтерді жинақтап жүр. Мәселен, 24-25 сәуірі аралығында атыраулық бір топ табиғат жанашыры Ойыл өзенінің жоғары жағын аралған кезде, тек қана Мұғалжар және Темір аудандары аумағындағы өзен арнасына заңсыз салынған 24 бөгет құрылысын анықтаған. Бөгеттер негізінен шаруа қожалықтардың жеке қажеттілігін өтеу үшін бөгелген.

Есенбай Нұров биыл қаңтар айында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Атырау облысына келген кезде, осы мәселені жеткізгенін айтады. Осындай жұмыстардың нәтижесінде мамыр айында министрлік өкілдерінің қатысуымен жиын өтпек. Табиғат жанашыры "егер Ойыл өзеніне қатысты проблемалар шешілмесе, өзен жағалаған тұрғындар үдере көшуі мүмкін" дейді. Қазір Ойыл өзенінің жанашырлары жинақтаған мәліметтерді әлеуметтік желі арқылы таратып жатыр.

Ойыл өзенінің мәселесін көтеріп жүрген азаматтың бірі, ақтөбелік табиғат жанашыры, дәрігер Нұрлан Есенғазы да аталған проблемалардың шешімі ұзаққа созылып кеткенін айтты. "Ойыл өзені" тобын құрылып, үш рет республикалық конференция, үш рет экспедиция ұйымдастырылған. Екі облыстың да әкімдеріне өтініш жазылған.

Нұрлан Есенғазы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинге ауызша да жазбаша да осы мәселені жеткізген. Осыдан кейін Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар басқармасы өкілдері Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда аудандарын аралған. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С. Қожаниязов Ақтөбеге келіп, жиын өткізген. Алайда проблемалардың шешімі созылып кеткен.

Табиғат жанашырлары Ойыл өзені осылай кеуіп кетсе 800 шақырым өзенінің бойы шөл далаға айналуы мүмкін екенін айтады.

© Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ
© Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ

-Ойыл өзініне су келмеуінің басты себебі, өзенге құятын шағын өзендер мен жылғаларды және бұлақтарды жеке адамдардың бөгеп алғанында. Спутниктен түсірілген картада 38 бөгеттер белгіленген. Бірақ, бізге заңдастырылған алты бөгет бар деген жауап хат келді. Оның ішінде біз білетін заңсыз бөгеттер көрсетілмеген. Неге? Бөгеттер 38-ден де көп болуы мүмкін, -дейді Нұрлан Есенғазы.

Табиғат жанашырларының ендігі үміті-Президентте. Есенбай Нұров аталған мәселені айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазыпты. Қоғам белсендісінің ашық хаты aitube.kz желісінде жарияланған.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров