Экс-шенеунік жеңіл жазамен құтылды

Диас АЛТАЙ

kievpravda.com

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына үкім шықты. Жамал Жаманбаева қызметін асыра пайдаланып, жылжымалы рентген аппараттарын заңсыз қымбат бағаға сатып алды деген күдікпен ұсталған еді, деп хабарлайды "Экспресс К"

Яғни экс-шенеунік 2020 жылдың тамыз айында жеке серіктестікпен келісім-шартқа отырып, бюджеттің 222 миллион теңгесіне алты рентген аппаратын сатып алған. Алайда тексеріс кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы медициналық жабдықтарды қасақана қымбат бағаға сатып алғаны анықталған. Осылайша оған мемлекетке отыз миллион теңгеге жуық залал келтірді деген айып тағылды. Тергеу кезінде сотталушы өз кінәсін мойындап, шығынды толық өтеген. Осыны ескерген Ақтау қалалық соты Жамал Жаманбаеваның үш жарым жылға бас бостандығын шектеді. Яғни, экс-шенеунік енді үйінен аттап баспайды. Мекен-жайы мен жұмыс орнын ауыстырса міндетті түрде тиісті орындарға хабарлап тұруы тиіс. Жеңіл жаза, сотталушының кәмелетке толмаған балалары мен жұмыс орнындағы жағымды мінездемесін ескере отырып қабылданды, дейді судья.

-"Өмір бойына мемлекеттік қызмет органдарында қызмет жасауға тиым салынып, 3 жыл 6 ай мерзімінде бас бостандығына шектеу жазасын тағайындалды. Осы тағайындалған мерзімге пробациялық бақылау белгіленіп, ҚР қылмыстық кодексінің 44 бабының талабына сәйкес шектеулер тағайындады"-деді Ақтау қалалық сотының судьясы Аралбай Нағашыбаев.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров