ҰОС ардагерлеріне ай сайын қанша төлем жасалады?


©ЭК/Андрей ХАЛИН
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне ай сайын қанша көлемде төлем жасалатынын мәлімдеді,-деп жазады «Экпресс К».
"Ардагерлерімізді әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылады. 2021 жылдың қаңтарынан бастап базалық зейнетақы 5 %-ке және ынтымақты зейнетақы 7%-ке, әлеуметтік төлемдер 5 %-ке артты", — деді Ерлан Әукенов.
Өз сөзінде өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Оның ішінде соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар секілді тұлғалар бар.
2021 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша зейнетақыны ескергенде әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері төмендегідей:
— Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылары үшін — 182 851 теңгені;
— Екінші дүниежүзілік соғыстың мүгедектері үшін — 188 051 теңге;
— басқа мемлекеттер, яғни Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Египет, Ирак секілді елдер аумағындағы соғыс ардагерлеріне — 198 801 теңге;
— Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін — 154 638 теңге;
— Екінші дүниежүзілік соғыс мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін — 119 562 теңге;
— Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне — 120 112 теңгені құрайды.