Доссор тұрғындары тұзға тұншығып отыр

Диас АЛТАЙ

Әлеуметтік желі

Атырау облысы, Доссор кентінің жұртшылығы тұзға тұншығып отырмыз деп шу шығарды. Себебі ең алғаш мұнай атқылаған кентті қазір сор басқан деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Тіршіліктің нышаны білінбейтін айдын көлдердің иісі қолқаны қауып, тынысты тарылтуда дейді ашынғандар. Аумағы ат шаптырым сордың көлемі болса жыл сайын ұлғайып бара жатыр. Ал жергілікті атқамінерлер бұл мәселеге бас қатырмай отырған көрінеді.

Мына бір әппақ болып жатқан айдын Доссор елді-мекенін екіге бөліп тұр. Қасына жақындасаңыз көз удай ашып, кеңсірік кеуіп қалады. Ал күн ысып, жел тұрса кепкен тұздың шаңы ауаға тарап, кентті түгелімен басып кетеді екен.

-"Мына жерде балабақша бар. Шаң көтерілгенде барлығы сол аппақ тұзғой, ащы. Теріңнен тұздың дәмі шығып тұрады. Біреу айтты деп еді "Пайдаланып, пайдаланып қартайғанда керегім жоқ па?" деп. Енді майын алып болғаннан кейін Доссордың керегі болмай қалған сияқты, басшылар жағына"- деп ашынды Доссор кентінің тұрғыны Орынбасар Мыңжасов.

Жиналғандардың айтуынша тұзды сор қара алтыннан бөлініп шыққан қалдық сулар екен. Кезінде мұнай компаниялары керегін алып, пайдаға аспағанын өлке маңындағы ойпаттарға төгіп кете берген. Қазірдің өзінде ірілі-ұсақты өндіріс орындары бұл әрекеттерін тоқтатпай тұрған көрінеді.

-"Жыл сайын сұрап жатырмыз жоғарыдан. Кезінде осы Доссор деген күркіреген мұнайдың астанасы болды. Қазір енді сол мұнайымыздың бәрін алып, орнына су да дұрыс айдаған жоқ. Кезінде осы, жас кезімізде ең төбе, ең биікте тұрды Доссорымыз. Қазір жерге түсіп бара жатыр. Біз болашақ балаларымызға, немере-жиендерімізге тал егіп, жерімізді көркейту керек"-дейді Сайфол Ұнағанов.

Тұзды шаңның кесірінен өкпесі қабынғандар базынасын кімге айтарын білмей әлек. Өздері зиянды көлді топырақпен жауып, жоқ қылайын десе кедергі көп. Тұрғындар жергілікті мұнай компанияларына мәселені айтып барса, басын ала қашады екен. Ал ауыл ақсақалдары әкімдіктен әу баста күдер үзген. Ал ант-су ішуден еш жалықпайтын әкімдік осы жолы да жиналған жұрқа уәдені үйіп-төгіп кетті.

-"ЕмбіМұнайГаз" мекемелеріне хат жолданды көмектесу жөнінде. Сонымен қатар Өкілдері келіп шығындыры қалай болатыны жөнінде есептеп кетті. Қосымша хабарын береміз деп айтты. Егер екі мекеме көмектескен жағдайда көмектеседі. Болмаса басқа мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз"-дейді Мақат ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Сәрсенов.

Доссорлықтарды сорлатқан сордың құрамында адамды азапты өлімге әкелетін химиялық элементтер өте көп дейді дәрігерлер. Қазірдің өзінде бұл ауылда дерті дендегендер көбейген. Ал тұзды сорды құртамыз деген басшылардың қырық сылтауынан тұрғындар әбден шаршаған.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров