Алкоголь сатылмайтын ауылдың тәртібі де түзу

Express Qazaqstan

Бейнеден кадр

Қызылорда облысының Шиелі ауданы Жиделіарық ауылдық округінде екі жылда бірде бір қылмыс тіркелмеген, деп жазды "Экспресс К". Мыңнан астам тұрғыны бар елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігін елге үлгі етуге болатындай. Мұны ауылдың тәртібінен байқауға болады. Ауыл туралы Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.

Ауылда алкоголь өнімдері мүлдем сатылмайды. Округте 2 дүкен бар екен. Олар алкоголь өнімін сатуға рұқсат қағаз алмаған. Осылайша, жеке кәсіп иелері де ауыл тыныштығына шама-шарқынша үлес қосуға ниет білдіріпті. Тыныштық пен қауіпсіздік орнаған ауылда тұратын ақсақалдар учаскелік полиция инспекторының жұмысына жоғары баға беріп отыр. Учаскелік инспектор Тоқтарбай Дулатов мектеп, әкімдік және ардагерлермен бірлесіп жұмыс атқаруда.

Күн сайын ауылдастарының үйлерін аралап, барлық оқиғалардан хабардар болып отырады. Осындай қырағылығы мен жүйелі жұмысы ескеріліп ауданның "Жыл сақшысы" номинациясымен марапатталған. Сонымен қатар, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда полицияға көмек ретінде тартылып жатқан "Сақшы" қоғамдық құрылымы негізінде 2 ауыл тұрғыны учаскелік полиция инспекторына әрдайым қолғабыс етіп жүр. "Педпатруль" қоғамдық құрылымы мүшелерімен аптаның жұма және сенбі күндері рейд ұйымдастырылады. Бүгінде ынтымағы жарасқан Жиделіарық ауылында учаскелік полиция инспекторы өз жұмысын жалғастыруда, ол күн сайын қызметке шығып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында қызметтік міндеттерін адал орындауда.

Жалпы, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылдың 3 айында Қызылорда облысы бойынша 94 мал дерегі орын алса, ағымдағы жылдың 3 айында 75 дерек орын алды. Яғни, мал ұрлығы қылмысы 20 % төмендеді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров