ҰОС кезінде із-түссіз кеткен сарбаздың сүйегі табылды

Express Qazaqstan

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

ҰОС кезінде хабар-ошарсыз кеткен сарбаздар жайлы мәлімет іздейтін «Атамның аманаты» бірлестігі жақында тағы бір қазақстандық солдаттың жатқан жерін анықтады. Бұл туралы журналист Мерей Мұратханқызы Facebook-те мәлім етті, деп жазады «Экспресс К»

"Ол менің нағашы атам. Үлкен мамамның әкесі — Омаров Қабдолла. 1917 жылы туып, 1942 жылы Аягөз ауданынан майданға аттанды. Бір жыл өткенде ұрыста қатты жарақат алып, Ленинград даласында құлапты. Бұған дейін бізде атамның із-түссіз жоғалып кеткені жайлы ғана дерек болды. "Боздақтар" кітабында солай жазылып тұрған. Ресейдің іздеу топтарына хат жазғанда бір жапырақ қағаз келген. Онда қай әскери бөлімге қабылданғаны айтылды. Бүгін "Атамның аманаты" бірлестігіне өтініш қалдырып, бар білгенімді жолдадым. Сенесіз бе?! Ниетімізді Алла тағала оң көріпті. Таңертең маған "Құттықтаймыз! Атаңыздың жатқан жерін таптық" деген қоңырау түсті. Әлі сенер емеспін. Қазіргі Санкт-Петербургтегі бауырластар зиратына қойылыпты", — дейді Мерей Мұратханқызы.

Оның айтуынша марқұмның орны ауыстырылып, екі рет жерленген екен.

"Орнын ауыстырып, екі рет жерлеген екен. Алғашқы жатқан жері Мгинск ауданы, жоғары Назия ауылынан бір шақырым жердегі орман болыпты. Кейін Киров ауданы Путилово ауылындағы орталық қабірстанға қойылған. Жаны жәннатта болсын. Кеудесіндегі медальонында әжем Күләштің аты жазылыпты. Артында жалғыз қызын құшақтап қалған жарының есімін жүрек тұсында сақтаған екен, жарықтық. Қазір атамның ұрпағы — біз бармыз. Шөберелері іздеп тауып жатыр. Енді осыдан кейін үлкен-үлкен құжаттарда батыр атамның аты із-түссіз жоғалғандар қатарында емес, ҰОС кезінде аянбай күрескен жауынгер ретінде сақталады", — деді батырдың шөбересі.

Сөзін жалғай отырып, батыр атасының қай күні қаза болғанын, сондай-ақ "Атамның аманаты" бірлестігінің еріктілері тапқан жауынгерлердің көбінің іздеушісі жоқ екенін мәлім етті.

"Атам 30 мамырда қаза тапқан екен. Үлкен мамам әкесінен кішкентай кезінде айырылған. Соған қарамастан, әр 9 мамыр сайын құран бағыштап, қатым түсіріп отырады. "Жеңісті күнді көре алмаса да, жеңіс үшін қан төккен атамның жатқан жері табылды" деп сүйінші сұрап ем, еңіреп сала беріпті. Қайтейін?.. Дәм тартса, Ресейге апару арманым енді. "Атамның аманаты" еріктілеріне мың алғыс. Мен де сіздерге қолымнан келгенше көмектескім келеді.

Қазақстаннан барған 300 мыңға жуық жауынгер ҰОС хабар-ошарсыз кеткен деседі. Оның 4000-дайы табылды. "Атамның аманаты" бірлестігінің еріктілері тапқан. Өкінішке қарай, көбінің іздеушісі жоқ екен", — сөзін аяқтады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров