Әуежайға ресми түрде Әлия Молдағұлованың есімі берілді

Express Qazaqstan

facebook.com / marat.igali

Қалаға кіреберіс әуе қақпасының маңдайшасына латын әріптерімен Әлия Молдағұлова деп жазылып, әуежайдың ішіне батыр қыздың бюсті қойылды. Шараның ашылуында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әлия Молдағұлованың күллі қазақ елінің мақтанышы екенін айтты.

— Аты аңызға айналған жерлесіміздің өмірі мен ерлігі бізге, өскелең ұрпаққа лайықты үлгі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақтөбе халықаралық әуежайына Кеңес Одағы Батырының есімі берілді. Бұл — баршамызға ортақ үлкен қуаныш,-деді облыс әкімі.

Шараға батыр қыздың туыстары мен оның өмірін зерттеп жүрген танымал қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар қатысты. Әлиятанушы, қырық жылдан бері батыр қыздың өмір жолын зерттеп жүрген "Қос Шынар" Әлия-Мәншүк қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес "Әуежайдың маңдайшасындағы Әлия Молдағұлова деген жазуды көргенде жүрегіміз толқып, жанымыз тебіренді" деп көзіне жас алды.

Батыр қыздың бюстін ақтөбелік танымал мүсінші Жеңіс Жұбанқосов жасаған.

facebook.com / marat.igali
facebook.com / marat.igali

Еске сала кетейік, Ақтөбе әуежайынан күніне Алматыға — 3, Нұр-Сұлтанға — 4, Ақтау мен Атырауға 1-2 рейс бар. Мамыр айынан бастап Түркістан бағытына, ал маусым айынан бастап Шымкентке жаңа рейс ашылмақ. Сондай-ақ халықаралық бағытта Египетке, БАӘ-ға, Түркияға рейстер қарастырылған. Алдағы уақытта Мәскеу мен Ленинград бағытында рейс ашылмақ.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров