Павлодарда жаяу жүргінші жер астына түсіп кетті

Қуаныш РАХМЕТ

Бейнеден кадр

Павлодар қаласында жаяу жүргіншілерге арналған жолда келе жатқан тұрғын аяғының астындағы тас төсеніштер опрылып, жердің астына түсіп кеткен.

Аталған оқиға әлеуметтік желідегі tipavlo.dar паблигінде жарияланды. Тұрғын тас төсеніш опрылып, үй орнындай шұңқырға құлағанда смартфонын сындырып алыпты. "Жүргіншілер жолымен жұмысқа кетіп бара жатқан едім, алдымдағы тас төсеніштер опрылып, құлап түстім. Екі телефонымның бірі бөлініп қалды" депген тұрғынның бейнежазбасы қалалықтардың жауапты мекемелерге деген ашуын туғызды.

Павлодардағы бағдаршамның қалыпты жұмыс істемеуі, көшелердің тазармауы , басқа да әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілмейтінін де павлодарлықтар жан-жақтан жазды.

"2021 жылдың 6 мамырында гидравликалық сынақ жүргізу кезінде диаметрі 219 мм жылумен жабдықтау желісінің бүлінгені анықталды. Соған байланысты Назарбаев даңғылындағы жаяужолдың астындағы топырақ шайылған, содан шұңқыр пайда болған. Қазір құлаған жерге қоршау қойылды. Коммуналдық қызмет топырақтың қаншалықты шайылғанын анықтау үшін осы учаскедегі жаяужолды тексереді. Содан кейін қалпына келтіріледі", — деп хабарлама таратты Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Опырылған жүргіншілер жолын енді "Павлодар жылу желілері" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары қалпына келтіреді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров