Биыл елімізде 35 сүт-тауарлы фермасы ашылады

Express Qazaqstan

pixabay.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады. Кездесу барысында кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері жайлы баяндады. Бұл туралы «Экспресс К» «Ақордаға» сілтеме жасап хабарлайды.

Премьер-Министр Президентке бизнесті қолдау жұмыстары жайында мәлімет берді. Қызмет көрсету саласында "ASHYQ" қосымшасын пайдалану ісі белсенді түрде артып келе жатқаны айтылды. Қазіргі уақытта жүйе 3 мыңнан астам бизнес субъектілерін және еліміздің 720 мың тұрғынын қамтып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдері, сондай-ақ, нәтижелі жұмыспен қамту, азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру шараларын іске асыру жөнінде ақпарат берілді. Монополияға қарсы шаралар аясында Үкімет бизнес субъектілерінің арасында бағаға қатысты сөз байласуды болдырмау жөнінде жұмыс жүргізуде.

Үкімет басшысы негізгі 29 азық-түлік тауарының 23-і бойынша азық-түлік қауіпсіздігінің деңгейі қамтамасыз етілгенін, қалған түрлері бойынша нарықтың ішкі өндіріспен қамтамасыз етілу көрсеткіші 80 пайыздан төмен екенін атап өтті. Ұлттық экономиканың өзін-өзі қамту шаралары шеңберінде биыл 35 сүт-тауар фермасы, 2200 гектар бақ, 3 ет комбинаты, 5 құс фабрикасы, балық өндіретін 4 шаруашылық іске қосылады.

Сонымен қатар азық-түлікті тұрақтандыру қорлары құрылды, айналымға қажетті қаражат бөлінді, оларға азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ету үшін алдын ала сатып алу жүзеге асырылды.

Әңгімелесу барысында шетелдік инвестицияларды ел экономикасына тарту жөнінде қабылданып жатқан шаралар қарастырылды.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров