Елордада тағы екі сауда үйінде вакцинация пункті ашылды

Express Qazaqstan

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Елордада тағы екі сауда үйінде 7 мамырдан бастап азаматтарды коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау жүргізіледі. Вакцинация пункттері орналастырылған кешендердің қатарына «Астаналық» және «Әлем» ірі сауда орталықтары қосылды. Бұл туралы «Экспресс К» елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы егу пункттерінің ашылуы жұртшылықтың вакцина алуына қолайлы жағдай жасайтынын атап өтті.

"Жаңа орындарда күту залы мен бақылау аймақтары ұйымдастырылған. Онда вакцина қабылдаған азамат міндетті түрде 30 минут бақылауда болуы тиіс. Вакцинацияға қатысты барлық ұсынысты сақтауды сұраймыз", — делінген басқарма хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, халықты вакцинациямен кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны үш есеге артты. Бүгінде елордада "Mega Silk Way", "Keruen", "Хан Шатыр", "Абу-Даби Плаза", "Азия Парк" СОО-ларында вакцинация пункттері ашылды. Өткен демалыс күндері "Биг Шанхай" сауда кешенінде және Орталық базарда вакцинация пункттері ұйымдастырылған болатын.

Вакцинация пункттерінің кеңеюіне байланысты БМСК ұйымдарының жұмыс уақыты қысқарды: сағат 8:00-ден 22:00-ге дейін. Ал СОО-ларда жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады — сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров