Көз жұмған арудың әпкесі: «Зорлаған, одан кейін қолдан-қолға өткен»

Express Qazaqstan

Асель Айтпаева / туыстарының берген фотосуреті

Бірер күн бұрын БАҚ беттерінде 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваның Грузиядағы өлімі жайлы ақпарат жарияланды. «Экспресс К» басылымы оның әпкесімен байланысқа шығып, мән-жайдан хабардар болды.

"Әсел Нұр-Сұлтанда менімен бірге тұрып, фитнес-клубта жұмыс істеді. Ал Грузияға бару туралы алыс туысымыз ұсыныс жасады. Ол жақта шетелдік автомобильдерді ТМД елдеріне қайта сататын компаниялары бар. Әселге құжаттарды рәсімдеп, көліктердің сырылған жері секілді өзге де ақауларын компьютерге енгізуі тиіс жұмыс тапсырылған, — деді "ЭК" басылымына марқұмның әпкесі Айна Айтпаева. — Оған күнделікті 10.00-ден 17.00-ге дейінгі жұмыс уақыты және 500 доллар жалақы төленетіні уәде етілді. Сіңлім шетелге кетуді қатты армандайтын, сол себепті ұсынысқа қуана келісті".

Оның айтуынша Әсел видеобайланыс арқылы әңгімелесуден өткеннен кейін шақырту алған. Алайда оның қазақстандық паспортының қолданылу мерзімі тамыз айында өтіп кеткеннен кейін Грузияға кету уақыты ұзарып кетуі мүмкін еді. Бұл туралы естігеннен кейін, жұмыс беруші, яғни алыс туысымыздың күйеуі жылдамдатуды, тіпті паспортын тез арада ауыстыруы, ПТР-тест тапсырып, билет алуы үшін ақша да жіберіпті. Мұндай асығыстық Айнаның бойында үрей тудырған.

"Ол бір-екі күннің ішінде жиналып, 27 сәуір күні ұшып кетті. Ол жақта Рустави қаласында жұмысқа қабылдаған туысының үйіне барды. Одан бөлек ол үйде бизнестегі қазақстандық серіктесі және Бесо есімді грузин болған, — дейді Айна Айтпаева. — Бірнеше күннен кейін Әсел хабарласып, Тбилисиде жалдаған пәтерін көрсетті. Менің таң қалғаным оның жұмысынан Рустави қаласы айтарлықтай алыс еді. Бұл таңданысымды байқаған ол жүргізушісімен бірге көлік берілгенін айтты".

Айтуынша бастапқыда ешқандай қиындық болмаған. Әсел ара-арасында туыстарымен, достарымен байланысқа шығып отырған. Бірақ ешқандай көмек сұрамаған. Бөтен елдегі өзінің жаңа ортасы жайлы жақсы пікірде болыпты. Алайда 5 мамыр күні күтпеген қайғылы оқиға болды. Сол түні жақын құрбысына Telegram арқылы Бесомен арадағы әңгімесінің аудиожазбасын жіберген. Ол жазбада адам сенгісіз оқиға егжей-тегжейлі айтылған.

"Бұл аудиожазбада алыс туысымыздың күйеуі оны зорлап, әлгі грузинге сатып жібергені айтылады — дейді Айна. — Аудиожазбаның ұзақтығы — бір сағат, осы аралықта оны қорлап, балағаттағаны естіледі, мүгедек етіп өлтіретінін айтып қорқытқан".

Әсел құрбысына жазған хатында Бесо өзіне қол көтергені, одан қорқатыны баяндалады. Ал таңертең қайтыс болғаны жайлы қаралы хабар келіпті. Алдын ала мәлімет бойынша терезеден секіріп кеткен.

"Оны терезеден лақтырып жіберді ме, жоқ әлде қорлыққа шыдамай, өзі секіріп кетті ме, әзірге білмейміз. — Бізге жеткен мәлімет бойынша Әселді қорқытып, зорлаған адамды Грузия полициясы өзіне өзі қол салуға итермеледі деген күдікпен қамауға алды".

Бүгін Айтпаевтар отбасы Грузияға барып, қызының денесін әкелу үшін ақша жинайтынын жариялады. Қайғыдан қан жұтып отырған туыстары сот-медициналық сараптама жүргізілгенге дейін Грузияға жетеміз деп үміттеніп отыр.

— Оның денесін табытқа салып, COVID-19-дан қайтыс болды деген сараптама нәтижесін алғымыз келмейді.

деді Айна.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров