Темекіні біржола қалай тастауға болады?

Express Qazaqstan

hurriyet.com.tr

Елімізде темекі шегуге қарсы күрес мемлекеттік деңгейде жүргізіліп жатыр. Билік салауатты өмір салтын насихаттап, жаман әдеттен арылуға үнемі шақырып отырады. Бірақ никотинге тәуелділер арасында темекіні тастау мүмкін емес деп ойлайтындар бар. Бұл өзі дұрыс па?

— Кез-келген дертті емдегеннен гөрі алдын алған оңай. Ал темекі шегу де — бір кесел, — дейді психиатр, Алматыдағы Республикалық психикалық денсаулық орталығының нарколог дәрігері Бақытжан Нұралиев. — Балаға темекінің жәй еркеліктің салдары немесе адаммен араласудың тәсілі емес, зиянды әдет екенін кішкентай кезінен түсіндіру керек. Соңғы жылдары елімізде тегін спорт секцияларының, шығармашылық студиялары мен түрлі үйірмелердің ашылып жатқаны мені қуантады. Бос уақытты тиімді өткізу, бір нәрсеге әуестену, хобби мен спорт баланың денсаулыққа зияны жоқ әрекеттерге ұмтылуына ықпал етеді. Бірақ бәрі оңай бола қоймайды. Бізде үлкендер де, жасөспірімдер де, тіпті мектеп оқушылары да шылым шегеді. Оның үстіне бізде темекі тартуға қатысты түрлі әңгіме бар. Мысалы, шылымды қою қиын, тіпті мүмкін емес деп жатады.

Бақытжан Нұралиев
Бақытжан Нұралиев

— Никотинге тәуелділіктен арылудың тиімді жолдарын айтып беріңізші.

— Біріншіден, темекіні тастау өте қиын деген қасаң ойдан арылыңыз. Сондықтан күмәншіл адамдармен бұл тақырыпта әңгіме қозғамаңыз. Денсаулыққа пайдалы, ақша мен уақытты үнемдейді деген сияқты шылымнан бас тартуға болатын себептердің тізімін міндетті түрде дайындап алыңыз. Бұл мәселенің қалтаға әсері туралы никотинге тәуелділердің бәрі білгенімен, шылымды сатып алуға, сосын шегуге кететін уақытты ешкім қаперіне ала бермейді. Қазір тіпті жұмыста жүргенде темекі тарту үшін алысырақтағы арнайы бөлмеге баруға немесе далаға шығуға тиіссіз. Ал одан кейін еңбекке деген ынта жоғалады. Кейде тіпті алдында ойлаған нәрсеңді ұмытып қаласыз. Оның үстіне шылым шегу үшін түн ортасында оянып алатындар да жеткілікті.

Темекі тартуға қатысты дағдыларыңызды өзгертіңіз. Үйде және көлікте шылымға жоламаңыз. Оны серуенге алып шықпаңыз. Бір күн ішінде алғашқы тартатын темекіңізді барынша кейінге шегере беріңіз. Шылымды дағдыланбаған қолмен ұстаңыз. Оны ыңғайсыз жерлерге барып шегіңіз.

Денсаулыққа қауіпті осы әдет не үшін керек деп әр жолы ойланып отыру үшін темекі қорабын резеңкемен буып қойыңыз. Тағы екі керемет әдіс бар: Бірінші — шылымның өзіңізге мүлдем ұнамайтын түрін алыңыз. Екінші — күшсалғышты, оттықты, темекі шегіп тұрған сұлулардың суреттерін, өзіңіздің де сондай фотоларыңызды, жалпы, никотинді еске салатын заттардың бәрін үйіңізден шығарып тастаңыз.

— Темекіні тастауға ниеттеніп жүрген адамдардың көбі орта жолда жаман әдетін бастап кетеді. Одан кейін қайтадан талпынып көруге бола ма?

— Әлбетте. Болмай қалды екен деп салыңыз суға кетпесін. Тастаймын деген шылымыңызды шегіп қою сонша сұмдық жағдай емес. Күш-жігерім жоқ деп өзіңізді кінәлаушы болмаңыз. Бәрі де қолыңыздан келеді. Осы жаман әдеттен арылуға ден қойғаныңызды достарыңыз бен туыстарыңыздың бәріне айтыңыз. Әрине, олар сіз үшін темекіні қойып кете алмас. Бірақ сізді қолдайды. Олардан өзіңіз тұрған жерде шылым шекпеуді, өзіңізге темекі ұсынбауды сұраңыз. Сосын қайтадан шегіп кетуіңіздің себебін електен өткізіп көріңіз. Ал кейін мұндайға жол бермеуге тырысыңыз. Егер достарыңыздың, туыстарыңыз бен әріптестеріңіздің бірі темекіні қойғысы келіп жүрсе, тіпті керемет болады. Біздің халық бір-бірімен бәсекелесуге, команда болып әрекет етуге бейім ғой. Осы жағынан келгенде, мүмкіндік молаяды.

— Темекіні қоюдың қай кезеңі аса қиын болады?

— Қай істе де бастапқы кезең өте қиын ғой. Шылымды енді қойып жүрген адамда күйгелектік, шаршау, бас айналу, қарын ашу, ұйқысыздық жөтел, тамақтың құрғауы сияқты жағымсыз жайттар болады. Негізі, солай болғаны дұрыс. Өйткені бұл ағзаның зиянды заттардан арылып жатқанын білдіреді. Сосын бұлар аса ұзаққа созылмайды. Бірнеше күнге немесе үш-төрт аптаға ғана жетуі мүмкін. 12 сағаттан кейін иісті газ қалыпты мөлшерге түседі. Екі немесе 12 апта өткен соң қан айналымы дұрысталып, өкпенің жұмысы жақсарады. Бір жылда ишемиялық ауру қаупі екі есе төмендейді. 5 жылдан 15 жылға дейінгі аралықта инсульт қаупі шылым шекпейтін адамдыкіндей деңгейге түседі. Ал тоқтаусыз жөтел, мұрынның бітелуі, жүргенде немесе қимыл-әрекет жасағанда ентігу бір айдан кейін азаяды.

— Бұрынғы шылымқұмарлар көбіне жаман әдетін қойғаннан кейін семіріп кеткенін айтып жатады.

— Жаман әдеттен тамақ жеп арылуға мүлдем болмайды. Тамақты көп іше бермеңіз. Оның бір мөлшерін бес-алты бөлікке бөліп жеңіз. Дұрыс тамақтануағ көңіл бөліңіз. Газдалған тәтті сусын ішпеңіз. Майлы тамақ жемеңіз. Балғын жеміс пен көкөніс жеп, денеңізді көп қимылдатыңыз.

— Соңғы кездері жастар электрондық темекі тартқанды жөн көреді. Өйткені соның зияны жоқ деп санайды.

— Жоқ, олай емес. Бұл жерде де тура сол тәуелділік бар. Темекіні тастағысы келетіндердің сондай сәнді вейперге айналғаны дұрыс емес. Шылымның орнына насыбай қолданатындарға да айтарым сол. Ол тазалық талаптары сақталмай дайындалады. Әрі насыбайдың құрамында да денсаулыққа зиянды заттар бар. Өзім де никотинге тәуелділіктен құтылған адаммын. Сондықтан темекіні басқа шегетін немесе ататын заттармен алмастырмай-ақ қоюға болады деп айта аламын. Одан да өз-өзіңізді ынталандырып отырыңыз. Шылымнан бас тартқаныңыз үшін өзіңізге сый жасаңыз, табиғат аясына шығыңыз, жағымды жандармен әңгіме-дүкен құрыңыз.

Басқа біреу тартқан темекінің түтінін жұтудың да зияны барын ұмытпаңыз. Мұндай түтінде 400 химиялық зат бар. Олардың кем дегенде 250-і зиянды деп танылған, ал 50-і — канцерогендер. Темекінің түтіні ересектерді жаман ауруға шалдықтарса, емшектегі баланы тіпті өлтіруі мүмкін. Аяғы ауыр әйелдің шылым шегуіне мүлдем болмайды.

Ал егер бір күні бәрібір темекі шегуге аңсарыңыз ауып кетсе ше?

— Бір сәттік құмарлықтың жетегінде кетуге болмайды. Аузыңызға темекінің орнына мұз кәмпит салып алыңыз. Суды көбірек ішіңіз. Көзіңізді жұмып, он рет терең тыныс алыңыз. Айналаңыздағы шылым шекпейтін адамдарға қараңыз. Олар темекісіз-ақ рахат өмір сүріп жүр ғой. Шылым шегуді қоюыңызға себеп болған жағдайлар туралы жиі ойлаңыз. Алдыңызда аса қиын міндет тұр. Бірақ оны орындауға болады!

— Орталықтарыңызда темекіні тастаймын дегендерге көмек көрсетіле ме?

— Иә. Біздің психотерапевтер мен наркологтар шылымды қоюға ниет білдіргендердің бәріне кеңес беріп, тәуелділіктен құтылудың әдісін пациенттің ерекшелігіне орай таңдап бере алады. Сондай-ақ, біз олардың туыстарымен сөйлесіп, жақыны қайтадан жаман әдетіне салынып кетпеуі үшін өздерін қалай ұстауы керектігін айтамыз. Біз бірге барлық қиындықтарды еңсеріп, ортақ жауымызды жеңіп шығамыз. Темекіні тастау еркіндік пен өз қалауыңша өмір сүруді білдіреді. Яғни өз өмірің жаман әдеттің құрсауында емес, өз қолыңда болады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров