Грузияның Бас прокуратурасы қыздың өліміне қатысты істі ресми мәлімдеді

Express Qazaqstan

Грузия Бас прокуратурасы

Грузияның Бас прокуратурасы Тбилисиде қаза тапқан қазақстандық арудың зорланған соң өзіне қол жұмсағанын ресми мәлімдеді, деп хабарлайды «Экспресс К» аталған ведомстваның сайтына сілтеме жасап.

Күдікті қазір қамауда отыр. Оған Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылды.

Грузияның Бас прокуратурасы 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваның өліміне қатысты күдікке ілінген азаматқа екі бап бойынша айып тақты. Күдікті бойжеткенді зорлағаны және өз-өзіне қол жұмсауға итермелегені үшін жаза арқалауы мүмкін.

"Құқық қорғау органдары күдіктіні қамауға алды. Оның үстінен "Жәбірленушінің денсаулығына ауыр дене жарақатын салған немесе өзге де ауыр зардаптар жасап, зорлау" және "Жәбірленушіні қорқыту немесе оның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау арқылы өзін-өзі өлтіруге итермелеу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша, ұсталған адамның кінәсі дәлелденсе, 8 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", — делінген Грузияның Бас прокуратурасының хабарламасында.

Айыптаушы тарап Тбилиси қалалық сотына заңда белгіленген мерзімде күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы өтініш жасамақ. Қылмыстық іс тергеу сатысында.

Еске сала кетсек, марқұмның әпкесі Әсел Айтпаева туысының шақыруы бойынша сәуір айында Грузияға жұмысқа кеткенін, бірақ бірнеше күн бұрын байланысқа шықпағанын хабарлаған еді.

5 мамырда Тбилисиде қыздың денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол тоғызыншы қабаттан құлап, қайтыс болған. Тергеу дерегінше, бойжеткенді сол күні күдікті "өлтіремін" деп қорқытып, зорлаған. Мұндай қорлықтан ауыр күйзеліске ұшыраған қыз өз-өзіне қол жұмсады. Полиция 6 мамырда Әсел Айтпаеваны зорлады деген күдіктіні қолға түсірген болатын.

Қазір Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің консулы марқұмның отбасымен байланыста. Ал, еліміздің Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан бойжеткеннің мәйітін отанына жеткізуді ұйымдастыруға барынша көмек көрсетуде.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров