Соғыс ардагерлері сиреп барады

Express Qazaqstan

ДП баспасөз қызметі

Қызылорда қаласында Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп барады. Биыл Жеңістің 76 жылдығын небәрі 5 майдангер, 12 тыл еңбеккерлері ғана қарсы алып отыр. Солардың бірі – Төлеген Жүнісов.

Жасы 98-ге толған Төлеген ақсақал Тереңөзек ауданындағы бұрынғы Жаңаарық ұшымшарында дүниеге келген. Соғыс оты тұтанған жылы Төлеген Жүнісов 18 жаста еді. 1942 жылы 19 жасында әскер қатарына шақырылып, Өзбекстандағы Самарқан шаһарына жіберіледі. 5 ай кіші командирлікке оқып, білімін жетілдірген соң Украинаның Луговой станциясына аттанады. Осы жерде қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Фашистік Германияның әскерін талқандауда жаяу әскері қатарында болған кіші сержант Төлеген атамыз ерліктің үлгісін көрсетеді.

"Менің қолымда автомат, пулемет болатын. Жан-жақты жіті барлайтын немістің "Тигр" дейтін екі танкісін жарып жібергем. Сол үшін "І дәрежелі Ұлы Отан соғысы" орденін алғанмын. Басқа да марапаттар бар ғой. Біз үшін ең басты орден, марапат — соғыстың біткені, Отанымыздың тыныштығы. Иә, қарша бораған оқтың ортасынан Құдай сақтап, елге аман оралдық. Еңбекке араластық. Ол кезде жұмыс талғамаймыз. Не жұмыс тапсырады, соны істеп кете береміз. Ырзық-несібемізді қара жұмысшы, дүкенші, бухгалтер болып та айырып жүрдік. Ал 1978 жылдан кейін теміржол саласында қызмет еттім. Тағы да айтайын, естеріңде болсын, елдің тыныштығы — баға жетпес бақыт. Сондықтан тыныштық сақталу үшін ел-халқымыз, әйел болсын, еркек болсын, күндіз-түні еңбек ету керек. Қазіргі жастар біздің көргенімізді жан дүниесімен сезінсе, жалқау, масыл болмас еді. Соғыс енді болмасын, аштық ауыртпалығы келмеске кетсін. Ұрпағымыз бақытты, баянды өмір сүрсін", — деді қария өзін мерекемен құттықтап келген Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшылық құрамына.

Басқарма бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сәкен Бөрібайұлы 98 жастағы қарияның тағылымды тарихын тыңдай отырып басқарма бастығының құттықтауын жеткізіп, шапан кигізіп, құрмет көрсетті. Өз кезегінде соғыс ардагеріне денсаулық тілеп, 100 жасқа жетуін тілеген басшылық құрамға қариямыз аздап ренжіп те қалды.

Төлеген Жүнісов: " — Маған сонда ендігі 2 жыл ғана уақыт беріп отырсыңдар ма деп?!" — келген полицейлерді күлдіріп те алды.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров