Мектепте панфиловшылар ерлігіне арналған мұражай ашылды

Экспресс К

24.kz

Қызылорда қаласындағы мектептердің бірінде ерекше "Жауынгерлік даңқ" мұражайы ашылды. Жастарды рухтандыратын бұл игі істі алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Вахит Валиев қолға алған. Мұнда оқ дәрілерден бастап әскери снаряд, түрлі жез ыдыстар және 80 жыл бұрын жарық көрген басылым да бар.

Панфиловшылар ерлігіне оқушыларға үлгі етуді ойлаған ұстазға мұражай ашу туралы идея қолына осыдан 80 жыл бұрын жарық көрген "Красная Звезда" газеті тиген кезде ойға оралыпты. Бұл жәдігер — мұғалімнің ең басты мақтанышы. Ол айтулы газетті Мәскеуден келген нумизматтан сирек кездесетін көне монеталарға ауыстырып алған. 1941 жылғы 28 қарашадағы нөмірі 280-ші "Красная звезда" газетінің түпнұсқасында 28 панфиловшының ерлігі туралы мақала жарияланған. Мақалада олардың барлығы қайтыс болды делінген. Бірақ кейін кейбірінің аман қалғаны белгілі болады. Міне осындай жанқиярлық ерліктерді Вахит Валиев өскелең жасқа үлгі етуден жалықпайды.

-Қазір әскери-патриоттық тәрбиенің рөлі зор. Жеңімпаз жауынгерлеріміздің күнделікті тұтынған заттары мен жауға қарсы шыққан қаруын балалар көзбен көріп, қолымен ұстап, көңілге түйгенін қаладым. Ендігі арманым — панфиловшылар фашистік басқыншыларды тоқтатқан танкке қарсы қару үлгісін осы мұражайдың бір бұрышына қою,-дейді мұғалім.

Аядай ғана бөлмеде 30-дан астам жәдігер бар. Бұл мұражайды Вахит Валиев 9 жыл бойы жасап шыққан. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы мен маңызы бар. Мәселен шұрық тесік болған жез ыдысты майдан солдаты тұтынған екен.

— Бұл ыдыс соғыс ардагері Ахметжанов Сағитке тиесілі еді. Ол үш жылдан астам уақыт концлагерьлерде тұтқында болған. Бірақ ол тірі қалып, 44-ші жылдың соңында ұзақ тексерулерден кейін әскери қызметке қайта оралады. Берлинге дейін жетіп, жауды жеңуге үлес қосқан,-дейді ұстаз.

Экспозицияны жинауға мұғалімнің бұрынғы түлектері мен қарапайым тұрғындар да көмектеседі екен. Қазір әскери қазба жұмыстарына қатысатын шетелдік еріктілермен де келіссөздер жүргізуде. Жақында осы мектеп сөрелері жаңа құнды жәдігерлермен толықпақ екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров