Ардагерлер азайып бара жатыр...

Express Qazaqstan

Дария кеуде, тау-мүсін, қарттарым аман сау жүрші – десек те ардагерлер қатары жыл сайын сиреп бара жатқаны өкінішті... Бүгінде еліміз бойынша 600-дің үстінде ҰОС ардагері бар екен. Соның 25-і елорда тұрғыны. Екі жыл бұрын 1200-дей ардагердің жартысы қайтпас сапарға аттаныпты.

Сонау сұрапыл жылдары от пен оққа қаймықпай кеуде тосқан әр майдангердің өмірі ерлікпен өрілген тұтас бір тарих. 76 жыл бұрын Жеңіс туын тігу үшін, бүгінгі ұрпақтың бақытты өмірі үшін жастығын да, жақсысын да құрбан еткен қайран ерлер... Бүгінде бірі келместің кемесіне мінсе, бірі ғасыр жасын ұрпағымен қарсы алуда. Өткен жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында бірнеше ардагермен сұқбаттасқан едім. Жақында жағдайларын білмекке қайтадан хабарласып, батыр аталарымыздың бірнешеуінен көз жазып қалғанымызды білдік. Былтырдан бері пандемияның кесірінен елімізде Жеңіс күніне арналған мерекелік шеру, кең көлемде шаралар да тоқтатылды. Елдің шетін жау шапқанда тайсалмаған батырларды бейбіт күнде індеттің емін таба алмай емін-еркін құттықтай алмағанымыз да өкінішті. Биыл да сол. Телефон арқылы тілдестік... Нұр-Сұлтанның ең қарт тұрғыны Иван атай тың екен. Биыл 96 жасқа толыпты.

Минометші майдангер

Ауылдастары арасында Ваня аталған жасөспірім жігіт еңбекке ерте араласты. Туып-өскен жері Кемеров облысы, Яйский ауданы Верхо-Великосилький ауыл болатын. 1933-1941 жылы аралығында орта мектепте оқыды. Оқи жүріп жұмыс жасады. Сұм соғыс басталғанда Иван 8 сыныпта еді. Алдымен майдан даласына әкесі аттанды. Жас та болса Иван колхоздың жауапты жұмыстарын атқарды. Майдан даласынан әкесі жараланып, госпитальға жіберілді деген хабар естиді. Бұл кезде Иван Ботев 17 жаста болатын. Сол 1943 жылы оны Қызыл армия қатарына шақыртты. Жас жігіт бірден Воронеж мектебінің радио мамандарының қатарына қосылды. Өйткені 1500 адамнан радио-шеберлер взводы құрылды . Сол өрімдей жастардың арасында Иван Михайлович те болды. "Отан қорғау бүгін жәй сөз боп естілгенмен, сол сұрапыл жылдары біздің кеудемізге жауапкершіліктің қорғасындай салмағын құятын" — дейді бүгінде ғасырға жақындаған қария. Оларды бірден майдан даласына жібермеді. Ұрыс даласына дейін тыңғылықты дайындықтан өтіп, 1943 жылы қыркүйек айында оқуын бітірген соң, Мәскеуге жіберілді.

"Сарбаз айқаста сыналады" демекші, Иван Ботев қаруластарымен сұрапыл жылдардың "ызғарында" шыңдалды. Полтаваға бірінші гвардиялық механикалық корпус, 1004 бірінші гвардиялық дивизияға, жеңіл артиллериялық полкта жауынгерлік міндетін атқарды. Соғыс жылдары 1-Белорус майданында жауға қарсы шайқасты. Ат¬қыштар полкіндегі 120 мм минометтік бата¬реяның көздеушісі болуы да тегін емес еді. Сібірде туған салқынқанды жігіттің та¬биғи мергендігі арқасында қарсылас жақтың дот, дзоттарын, оқ ату нүк¬те¬лерін бірнеше рет жалғыз снарядпен жояды. Қиян-кескі ұрыс даласында көзсіз ерлікке барған талай қандыкөйлек жолдастарын да еске алды ардагер. "Бір атаның баласындай жауға жұмыла тиісуші едік, бірлік болса жау да, басқа да бата алмайды емес пе?" — дейді сөз арасында.

Ардагер Иван Ботев соғыс біткен соң 1971 жылға дейін зымыранды әскери қызметінде қатардағы жауынгерліктен бастап, штаб басшысына дейін көтерілді. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен "1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін" медалімен марапатталған.

Елге жеңіс құдіретін жақындатқан қаһарман сол бір күнді Қазан қаласында қарсы алды. Алайда соғыс аяқталған алғашқы жыдары Иван Ботев әскерде қызмет ете берді. Ол кезде 20 жастағы жігіт болса да, соғыстан кейінгі тұралап қалған елдің жағдайын бір кісідей сезініп және жұмысты абыроймен атқара білді. Қызмет барысымен Иван Михайлович бүкіл Кеңес Одағын аралады. 1971 полковник шенімен зейнетке шықты. 2001 жылға дейін Ресей Федерациясының азаматтық жүйесінде қызмет атқарды. Ал 2012 жылы Ресейден Қазақстанға көшіп келіп, қазақ жерін құтты қонысы санады.

ҰОС ардагері "ІІ дәрежелі Отан соғысы" ордені, "Германияны жеңгені үшін" медалі, "Ерлігі үшін" медалі, "Әскери еңбегі үшін" медалдарымен марапатталған. Тоқсаннан асса да, еңсесін тік ұстауы қарияның қайраттылығын танытады. Зерделі жан жадысынан да жаңылмайды. Қызының айуынша өзі серуендеп келуден, әңгіме айтудан қашқан емес.

Өйткені өткен тарихты бүгінгі жасқа жеткізіп, ерліктің құр сөзбен емес, құдіретті күшпен келетінін дария-кеуде, тау-мүсін ардагерлер айтпағанда, кім айтар? Ол құдіретті күш — Отанға, халқына деген адалдық болса керек...

Қайтпас қайсар майдангер

Өзі қолымен алып берген бейбіт елінде мамыражай уақыттың әр сәтін бағалай білуді үйренген Әзімбай қарт қазір шырайлы Шымкентте қыдырып жүр екен. Ардагердің өмір тарихына үңіле түскен сайын қандай құрмет көрсетсек екен деген ойда қаласыз. Майдан даласындағы жүріп өткен жолдарынан қайсарлығы мен табандылығы байқалған Әзімбай ақсақал ердің ері... Өйткені соғысқа бір емес, екі рет барған майдангердің де тағдыр жолы тақтайдай тегіс болмаған.

Әзімбай Майриков 1924 жылы 1 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Жаскешу елді мекенінде (Жамбыл колхозында) дүниеге келген. Соғысқа 1942 жылы қыр¬күйек айында 18 жасында аттанып, Саратов облысы Пугачев қаласында жаяу әскер армиясына түскен. Сол жерде алғашқы әскери дайындықтан өтіп, ефрейтор-жаяу әскер мамандығын алып соғысқа аттанады. Бірақ қаһарлы соғыста жүріп қатты аяз қысқан мезгілде аяқ-қолдары үсіп, ол жерде ем-дом қонбаған соң әскерден кері қайтарылған. Елге оралған соң шамамен бір аптадан соң воен¬коматтан адамдар келіп, жас жігітті Ташкент қаласындағы әскери госпитальға апарып емдейді. Атамыз жазылғаннан кейін Ташкент қаласындағы Вревский стансасындағы әскери бөлімге шақырылған. Сол жерден қайтадан әскери дайындықтан өтіп, бұл жолы байланысшы мамандығын алып, қайтадан соғысқа аттанған. Бұл жолы, яғни 1943 жылы "1 Беларусь" майданында №156 байланыс полкына тап болады, бұл әйгілі Маршал Г.Жуковтың басшылығындағы полк болатын. Майдангер сол кезде жас болғанына қарамастан аса жауапты міндетті атқарған. "Байланыс күні-түні тоқтамасын деп сымдарды жалғап тұрдық. Өйткені бомба түседі не танкі үзіп кетеді. Соны түн болса да барып жалғауымыз керек" деп еске алады ардагер. Жеңісті Берлинде қарсы алған Әзімбай Майриков соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз", "Ерлігі үшін", "Варшаваны босатқаны үшін", "Берлинді алғаны үшін", "Германиядағы жеңісі үшін" ордендерімен, маршал Жуков медалімен марапатталған. Ал соғыс¬тан соң әскер қатарында Әзербайжан мемлекетінің Баку қаласында, одан соң Грузия мемлекетінің Тбилиси қаласында әскери борышын өтеп, қалаларды қалпына келтіру жұмыс¬тарына қатысқан.

Майдангер елге 1947 жылы оралғаннан кейін елге келіп те еселі еңбек етті. Өмірі ерлікке толы, ел үшін қылған адал қызметпен өткен қария — Сарыағаш ауданының құрметті азаматы. 1943 жылы мектепті аяқтамастан майданға аттанған бозбала бүгінде тоқсанның бел ортасына келіп, немере-шөберелердің қызығына кенеліп отырған жайы бар.

Құрмет қашан да аласармауы керек!

Айта кетейік былтыр мемлекет әр ардагерге 1 миллионнан қаражат, әлеуметтік пакет (азық-түлік) берген еді, әрине Жеңіс күні қарсаңында. Биыл да мерекеге орай еліміздің әр өңірінде саусақпен санарлықтай ардагерлерге мейлінше құрмет көрсетіледі екен. Тек осы құрмет, парыз сезімдері уақытпен ғана өлшенбесе дейсің.

Мойындауымыз керек біздің жазарман қауым да мамыр жақындағанда ғана ардагерлерді іздеп, мақала жазып, сюжет жасап ала шапқын болатыны рас. 1418 күн мен түн кеудесін оққа төсеген ерлерді 365 күннің әр сәтінде еске алып, құрмет тұтсақ, елдік деңгейде сый-сияпат көрсетсек артық болмасы анық. Әйтпесе жыл санап азайып бара жатқан абзал жандардың тұтас тарихқа арқау болған ерлігі мен қаһармандығын бізден кейінгі ұрпақ та қастерлеу керек қой және ұмытпағаны, ұлықтағаны абзал.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров