Соғыстан кейін тергеу изоляторында еңбек етті

Express Qazaqstan

© ЭК

Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінде Ұлы Отан Соғысының ардагері Игілік Тасымов ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарды. Мереке қарсаңында ҚАЖД еңбек жолы көпке үлгі болар ардагерді мерекелік шаралармен еске алды.

Тасымов Игілік Тұрсынғалиұлы 1924 жылдың 24 қаңтарында Атырау облысының, Қызылқоға ауданы, Тайсойған елді мекені, Қарабау ауылында дүниеге келіп, 1942 жылдың тамызында соғысқа шақыртылып, осы жылдың қараша айында сол кездегі Чкалов облысы, Бұзулық ауданында соғысқа дайындық курсынан өтеді. Жазда Беларуссияға барып, сұрапыл соғысқа қатысады. Кейін Украинаның Днепропетровский жерінде майданға аттанып, 622-ші атқыштар полкінде автоматшы болады.

© ЭК
© ЭК

— Бір күні бізге бұйрық келді. "Направо Днепр" өзенінен ағаш қайық жасап, өзеннің арғы бетіне түнде өту керек болды. Ағаш қайығымызға қару жарақ, артиллерияны тиеп арғы бетке өтеміз дегенде немістер біздерді байқап қалып, снарядпен, пулемётпен оқ жаудырды. Сол өзеннен көптеген қайықтарымыз өте алмай снарядқа жарылып суға батып кетті деп айтқан әңгімесі есімде,- дейді ардагердің ұлы Амангелді.

1943 жылы басынан жараланғанына қарамастан Игілік Тасымов соғыста ерліктерімен көзге түсіп, Германияны жеңгені үшін, Японияны жеңгені үшін, Кенисгбергті алғаны үшін т.б көптеген медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін туған жерге оралып, түрлі мемлекеттік мекемелерде жұмыс істеп, кейін өрт сөндіруші болып жүреді. Көшеде әскери киіммен жүрген ардагер Игілікті құқыққорғау органдарының қызметкерлері полиция қызметкері деп ойлап, сол күні тергеу изоляторында шыққан бүлікті басу үшін көшеден алып кетеді. Осылайша ол тергеу изоляторында жұмысқа қалып, 1975 жылы ақпан айында 35 жыл еңбек өтілімен "Старшина" шенімен зейнеткерлікке шығады.

Зейнеткерлекке шықсада тергеу изоляторының жас қызметкерімен жиі кездесіп, өзінің ақыл-кеңесін беріп отырған. Соғыс кезіндегі әңгімелерін айтып, "Мінекей, мен осындай соқпақтардан өттім, менің көрген отты жылдарымды кейінгі ұрпағым көрмесін!" деп күрсінетін.

— Тергеу изоляторында ұзақ жылдар бойына абыройлы жұмыс істеген Игілік Тұрсынғалиұлының өмірбаяны жас ұрпаққа үлгі болмақ. Отаны үшін от кешіп, елге оралғаннан соң да елі үшін қалтқысыз қызмет етті. Оның ерлігі мен қызметіне өскелең ұрпақ бас иеді,- деді Атырау облысы ҚАЖД бастығы Манарбек Габдуллин.

Атырау облысы ҚАЖД қызметкерлері Игілік Тұрсынғалиұлын еске алу мақсатында Департамент басшылығы мен ардагерлермен онлайн-кездесу ұйымдастырылып, Департаментке қарасты мекемелер арасында футболдан жарыс өтті. Ардагердің рухына арналған барлық іс-шаралар бір минут үнсіздікпен еске алудан басталып, оның қызметі мен ерлігі жайлы баяндамалар оқылды. Іс-шараларға қатысқан ардагердің ұл-қыздары Атырау облысы бойынша ҚАЖД басшылығына өз алғыстарын білдірді.

— Қанша жыл өтсе де әкемізді ұмытпай, ерлігі мен қызметі туралы өскелең ұрпаққа жеткізіп жатырсыздар. Сол үшін қуаныштымыз,- деді ардагердің ұлы Амангелді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров