Ленинград түбінен қазақ жауынгерінің сүйегі табылды

Express Qazaqstan

© ТК "СвирьИнфо"

Емберген Айсановтың атына жазылған медальон мен жеке заттары табылды. Іздеу жасақтары жауынгердің туыстарына хабар берді.

Лодейное Поле қаласының маңында Свир өзенінің жағасында Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қызу шайқастар болды. Іздеу жасақтары бұл аймақта 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді, алайда сарбаздардың сүйегін, қалған заттарын іздеуді әлі де тоқтатар емес, деп хабарлайды "Хабар 24".

Іздеушілер 200 метр радиуста 66 жауынгердің сүйегін, оларға тиесілі заттарын тапты. Ары қарайғы жұмыс та үлкен жауапкершілікті талап етеді, яғни қайтыс болған сарбаздың кім екенін анықтау қажет. Жеке заттары (тіпті аты-жөнімен де) ылғи дәлме-дәл шыға бермейді.

— Жауынгер бұл затты жоғалтуы, тауып алуы немесе сыйға алуы мүмкін. Сол себепті туыстарын тапқан күннің өзінде табылған заттар нақты ол сарбазға тиесілі болмауы мүмкін екенін, туысыңыз ба, әлде туысыңыз еместігін шешу өзінің еркінде екенін айту парызымыз. Бірақ бүгінге дейін бұл менің туысым емес деп айтқан ешкім болған жоқ, — дейді "Переправа" іздеу тобының жетекшісі Дмитрий Рыполов.

Лодейный алаңында қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылды. Ашылу салтанатына іздеу жасағының мүшелері жауынгердің мүрдесі мен оған тиесілі заттарын тапсыру үшін арнайы қатысты. Емберген Айсанов 1943 жылы Ленинград түбіндегі Киров ауданында қайтыс болды.

"Жауынгер жатқан жерден мына медаль, қасық және оқ-дәрі табылды. Бәрін жинап қойдық. Бұл медаль марқұмға Ленинградты қорғағаны үшін берілген", — дейді Евгений Кириллов.

Жауынгердің туыстары табылды, жақын уақытта мүрдесі Қазақстанға қайтарылады.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров