Атырауда ардагерлер ұлықталды

Express Qazaqstan

© ЭК

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Ұлы Отан соғысы  ардагерлері Айдын Айбаров, Закария Сұлтанов және концлагер тұтқыны Екатерина Абсатырованы арнайы барып, Жеңіс күнімен құттықтады, - деп жазады “Экспресс-К”

Қазіргі күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты Жеңіс күніне орай өтетін дәстүрлі мерекелік шаралар келесі жылға ауыстырылды. Алайда облыс басшылығы ардақты ардагерлердің шаңырағына барып жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-құрмет көрсетті.

— Адамзат тарихындағы ерен ерліктеріңіз бүгінгі бейбіт өмірімізге, жарқын болашағымызға жол ашты. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала береді. Жеңіс мерекесі құтты болсын! Деніңізге саулық шаңырағыңызға шаттық пен бақ-береке тілеймін,- деді өңір басшысы ардагерлерді құттықтауында.

— Еліміз өсіп — өркендеп, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын. Ер жігіт ең алдымен елдің қорғаны болуы керек. Ендігі кезекте елдің амандығы осы жастардың қолында. Әлемде соғыс болмасын! — деді соғыс ардагері Закария Сұлтанов.

Қазіргі кезде Атырау облысы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан 2 ардагер ғана қалды. Оның бірі — биыл 100 жасқа толатын Айдын Айбаров, екінші майдангер Закария Сұлтановтың жасы — 96-да.

© ЭК
© ЭК

Ардагерлердің ауласына арнайы барған үрмелі аспаптар оркестрі соғыс жылдарындағы әндерді шырқап,мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Еске сала кетейік, өңірде Ұлы Отан соғысына қатысқан 2 ардагер мен концлагер тұтқыны санатына жататын бір адамға 1 000 000 теңгеден қаржылай қолдау көрсетілген болатын. Ал жеңіске үлес қосқан 45 тыл еңбеккері 100 000 теңгеден біржолғы ақшалай көмек алды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс жасаған алайда наградталмаған тыл еңбекерлері яғни жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлерінің тағы бір тобына 1874 адамға — 30 000 теңгеден қаржылай көмек берілді.

Ұсынамыз

Пиксель для количества просмотров